Пандемия басталғалы оңалту қызметіне жүгінетіндер саны күрт артқан

2 Наурыз 2022, 17:11
1282
Бөлісу:
Пандемия басталғалы оңалту қызметіне жүгінетіндер саны күрт артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров хабарлады. 

МӘМС енгізілгелі бері медициналық оңалту да дами бастады. 2021 жылы елордада бұл бағытта 4,6 млрд теңге жұмсалған. Елорданың күндізгі стационарларында 98,2 мың пациент оңалтудан өтсе, тәулік бойғы стационарларда – 129 мың адам оңалтудан өткен. Амбулаториялық-емханалық деңгейде елорда тұрғындарына 671 мың оңалту қызметі көрсетілді, - деді филиал басшысы. 

Оның айтуынша, оңалту қызметтерінің басым көпшілігі 2021 жылы көрсетілген. 

Былтыр оңалту барысында Covid-19 және коронавирус инфекциясымен ауырған пациенттер де қамтылды. Елорда бойынша қор жасасқан келісімшарт шеңберінде 45 медицина ұйымы  оңалту қызметтерін көрсетеді. Олардың 20-ы – жекеменшік, 22-і – мемлекеттік, 3-і – республикалық медицина мекемелері, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясымен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған пациенттер қор қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауруханада емделді ме, оған қарамайды. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маманның қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі.

Оңалту қажеттілігін бағамдау барысында: тыныс алу органдарының қызметі (сатурация деңгейі, КТ/рентгенографиядағы өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеті сынды көрсеткіштер негізге алынады. 

Өзгелердің жаңалығы