Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Газа секторындағы тек екі қазақстандықпен байланыса шыға алғанын айтты.
Газа секторында Қазақстанның 25-ке жуық отбасы бар деген ақпарат бар. Көбіне палестиналықтарға тұрмысқа шыққан азаматтарымыз. Хабарламаларға сүйенсек, қазіргі таңда кейбір отбасылар қауіпсіз орын іздеу қамымен жүр. Байланыс жағынан проблема бар, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, - деді Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Еске салсақ, бұған дейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде қанша қазақстандық бар екенін айтып берді.
Сонымен қатар ол Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін нақтылады.
Өңірде 7 қазанда басталған қарулы қақтығыс ХАМАС қозғалысының Израиль аумағын зымыран атқылауынан соң басталған еді.
Соңғы мәлімет бойынша қаза болған палестиналық саны 370-ге жетті. Оның 20-ға жуығы бала. Газа секторына израильдік әуе шабуылдарынан кейін, 2 мыңға жуық адам түрлі жарақат алды. Ал Израильде кем дегенде 700 адам қаза тапты.