Пәкістанның Дера-Исмаил-Хан қаласында жол бойындағы полиция бақылау-өткізу бекетінде жанкешті жасаған теракт салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 30 адам жараланды.
Бұл туралы Al Jazeera телеарнасы хабарлады.
Полиция бастығы Сафдар Балочтың айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері болған. Сонымен қатар оқиға салдарынан өтіп бара жатқан адамдар да зардап шеккен.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылғыш зат тиелген көлік бақылау-өткізу бекетіне соғылған. Сондай-ақ жарылыс алдында шабуыл жасаушылар тарапынан атыс болғаны хабарланды. Бұл бекет маңызды нысан саналады, себебі онда үнемі көптеген лауазымды тұлғалар болады.
Әзірге ешбір топ теракт үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. Алайда күдік ТТП (Пәкістандағы «Техрик-и-Талибан Пәкістан» қозғалысы) деп аталатын пәкістандық тәліптерге түсіп отыр.
18 қыркүйекте Пәкістанның солтүстік-батысында осыған ұқсас теракт болған. Жарылғыш зат тиелген көлік мешіт пен полиция бөлімшесінің жанында жарылған. Ол кезде 21 адам, оның ішінде 15 полиция қызметкері қаза тауып, 80-нен астам тұрғын жараланған. Террористің көзі жойылған.