Саясаттанушы: Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін билік ақпараттық бастаманы сақтап қалды

Маңғыстаудағы төтенше жағдайдың БАҚ-та жариялануына жасалған талдау биліктің дағдарыстық жағдайларда әрекет ету бойынша белгілі бір тәжірибе қалыптастырғанын көрсетеді.

 маңғыстау облысы әкімдігі 26 Қыркүйек 2026, 00:10
26 Қыркүйек 2026, 00:10
168
Фото: маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстаудағы төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы тәулікте билік қалай әрекет етті? Саясаттанушы Лилия Маньшинаның «Политес.КЗ» Telegram-арнасында Маңғыстаудағы төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы тәулікте мемлекеттік органдардың ақпараттық әрекетіне талдау жасалды. Шолуда биліктің алғашқы хабарламадан бастап тергеу барысы, ресми мәлімдемелер мен іздеу-құтқару жұмыстары туралы ақпараттандыруға дейінгі қадамдары қарастырылған.

Маңғыстаудағы төтенше жағдайдың БАҚ-та жариялануына жасалған талдау биліктің дағдарыстық жағдайларда әрекет ету бойынша белгілі бір тәжірибе қалыптастырғанын көрсетеді.

24 сағат ішінде мемлекеттік органдар қажетті ақпараттық қадамдардың барлығын жүйелі түрде жүзеге асырған.

  • Қайғылы оқиға туралы Қорғаныс министрлігінің алғашқы ақпараттық хабарламасы 13:57-де жарияланды.
  • Кейінгі сағаттарда жаңалық порталдары оқиға туралы толық ақпаратты, соның ішінде фото және бейнематериалдарды жариялады. Ақпарат жасырылмай, жағдайдың шынайы көрінісі көрсетілді. Мұндай ашықтық билікті деректерді жасырып отыр деген күдіктің алдын алды.
  • Мемлекеттік органдар бір ғана ресми хабарламамен шектелмей, іздеу-құтқару жұмыстарының әр кезеңі туралы тұрақты ақпарат беріп отырды. Бұл жалған ақпарат, қауесет пен түрлі болжамдардың таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді.
  • Алғашқы хабарламадан 16 минут өткен соң, 14:13-те, Бас прокуратура қылмыстық іс қозғалғанын және жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлады. Тергеу ерекше бақылауда екені айтылды.
  • 15:11-де Үкіметтік комиссия құрылғаны туралы ақпарат жарияланып, комиссия оқиға орнына дереу аттанды.
  • 16:47-де Ақорда Мемлекет басшысының қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтқанын хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссия мен мемлекеттік органдарға қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді және қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
  • Қайғылы оқиға болған күні Президент жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.
  • Келесі күні 09:57-де Бас прокуратура тергеу барысында жүргізілген сараптамалар мен жауап алулар туралы ақпарат берді. Нәтижесінде алғашқы күдіктілер анықталғаны хабарланды.
  • Үш сағаттан кейін, 13:28-де, Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға жауапты бес лауазымды тұлғаның ұсталған сәтін көрсететін бейнежазбаны жариялады.
  • БАҚ-та әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша «Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары» ұсталғаны туралы ұқсас тақырыптар жарияланды. Бұл қоғамға жауапты адамдардың лауазымына қарамастан заң алдында жауап беретінін көрсетті.
  • Сонымен қатар БАҚ материалдарында қайырымдылық қаражатын бөлу жөніндегі арнайы комиссияны өңірде қоғамдық беделге ие Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқарғаны айтылды. Мемлекет әскери қызметшілердің отбасыларына толық көлемде қолдау көрсететінін мәлімдеді.
  • Кешке Telegram-арналарда өңір басшыларының қаза болғандардың отбасыларына барып, Мемлекет басшысының жеке көңіл айту жеделхаттарын табыстаған сәттері көрсетілген фото және бейнематериалдар тарады.

Осылайша, хабарламалардың уақытылы берілуі, жаңалықтардың тақырыптары, ақпараттандыру қарқыны мен мазмұны биліктің төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етіп, ақпараттық бастаманы сақтауға және өз ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруға тырысқанын көрсетті.

Наверх