Пәкістанның солтүстік-батысында жұма намазы кезінде жанкешті жасаған шабуылдан кем дегенде 21 адам қаза тапты. Тағы 100-ден астам адам жараланды. Жарылыс Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Кохат қаласында болған. Жарылғыш зат тиелген көліктегі жанкешті мешіт орналасқан полиция бөлімшесінің қабырғасына соғылған. Сол сәтте онда полиция қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері және басқа да адамдар намаз оқып жатқан.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында 15 полиция қызметкері және төрт жасар бала бар. Провинция полиция басқармасының басшысы Зульфикар Хамидтің айтуынша, жарылыстан кейін жанкештімен бірге келген қарулы адамдар оқ жаудырған. Шабуыл жасаушылар мен полиция арасында атыс болған. Қарулы адамдардың бірі, оның үстінде жарылғыш зат салынған белдік болған, қаза тапқан. Хайбер-Пахтунхва полициясының бас инспекторы болған оқиғаны теракт деп атады.
Әзірге шабуылды ешкім мойнына алған жоқ. Пәкістан президенті Асиф Али Зардари мен премьер-министр Шахбаз Шариф шабуылды айыптап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Соңғы айларда Пәкістанның шекаралас аймақтарында әскери және полиция қызметкерлеріне қарулы топтардың шабуылы жиілеген. Исламабад Ауғанстанда әрекет ететін «Талибан» қозғалысын Пәкістан аумағында шабуыл ұйымдастыруды жоспарлаған содырларға баспана берді деп айыптап отыр. Ауғанстан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады.