Үндістан мен Пәкістан шекарасындағы ахуал күрт ушығып, қос тараптың әуе шабуылдары мен артиллериялық соққылары салдарынан кемінде 48 адам қаза тапты. Олардың қатарында 19 адам – Үндістан бақылауындағы Кашмирде, ал 17 адам – Пәкістан аумағында көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
AP News агенттігінің хабарлауынша, Пәкістан Үндістанның Исламабад маңындағы стратегиялық маңызы зор "Нур Хан" әуе базасына жасалған зымыран шабуылдарын сылтау етіп, кең ауқымды әскери операция бастағанын жариялады.
Жауап ретінде Пәкістан да Үндістандағы бірқатар әскери нысандарға, соның ішінде Пенджабтағы С-400 әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне соққы жасағанын мәлімдеді.
Жағдай қалай шиеленісті?
Үндістан "Синдур" операциясы аясында Пәкістан мен Кашмирдегі "Джаиш-е-Мухаммад" және "Лашкар-е-Тайба" топтарының тоғыз лагеріне соққы берді. Бұған жауап ретінде Пәкістан әскери нысандарға зымыран және дрондар арқылы шабуыл жасап, гипердыбыстық қару қолданғанын айтты.
BBC дерегінше, Пәкістан шекара маңына әскер топтастырып жатыр, бұл қадам Үндістан тарапынан "кең ауқымды шабуылға дайындық" ретінде қабылдануда. Осыған байланысты Үндістан Пенджаб штатында қызыл деңгейдегі қауіп дабылын жариялады.
Ядролық қауіп бар ма?
Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф қазіргі таңда ядролық қару қолдану жоспарда жоқ екенін айтады. Алайда ол болашақта мұндай қауіптің туындауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Сонымен қатар, Пәкістан ядролық қару қолдану шешімін қабылдайтын Ұлттық командалық құрылым отырысының өткені туралы ақпаратты теріске шығарды.
Stockholm халықаралық бейбітшілік зерттеулер институтының (SIPRI) 2025 жылғы мәліметіне сәйкес, Үндістанда шамамен 164, ал Пәкістанда 170 ядролық оқтұмсық бар. Бұл көрсеткіштер оларды ядролық арсеналын қарқынды ұлғайтып жатқан елдер қатарына қосады.
Ахуалдың ушығуына не себеп болды?
22 сәуірде Үндістанның Пахалгам қаласында болған теракт салдарынан 26 турист қаза тапқан. Делидің айтуынша, шабуылды пәкістандық содырлар ұйымдастырған. Алайда Исламабад бұл айыптауды жоққа шығарып отыр.
Терактіден кейін Үндістан Инда өзені бойынша келісімді тоқтатып, шекаралық өткелдерді жапса, Пәкістан 1972 жылғы Симла келісімінің күшін жойып, өз әуе кеңістігін үндістандық авиакомпанияларға жапты.