Пәкістан Қазақстанмен мұнай-газ саласында ынтымақтасуға мүдделі

10 Қараша 2022, 08:12
836
Бөлісу:
Пәкістан Қазақстанмен мұнай-газ саласында ынтымақтасуға мүдделі

Пәкістан Қазақстанмен мұнай-газ, банк, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Пәкістан Ислам Республикасының үкіметтік делегациясымен кездесуінде айтылды. Бұл туралы BAQ.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында вице-премьер биыл елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. Осы кезеңде тығыз достық және экономикалық байланыстар орнатылды. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия құрылып, жұмыс істейді.

Қазақстан мен Пәкістанның Оңтүстік Азияда орналасқан орны стратегиялық географиялық тұрғыдан тиімді. Сондықтан сауда және көлік салаларында өзара іс-қимылды кеңейту екі ел үшін перспективті міндет болып табылады.

Сауда транзиті бойынша келісім жасасу бастамасы біз үшін ерекше маңызға ие, өйткені көлік саласы өзара саудада «әлсіз тұс» болып табылады, - деді Серік Жұманғарин кездесу барысында.

Өз кезегінде, Пәкістан бизнесі мұнай-газ, банк, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

Біздің энергия ресурстарына деген қажеттілігіміз жыл сайын артып келеді. Пәкістан нарығы өте ауқымды, ел халқының саны 200 млн-нан асады. Бізде пайдалы қазбалар жоқ, бірақ пайдалы көлік байланысы, теміржол инфрақұрылымы бар, - деді ПИР федералды өнеркәсіп және өндіріс министрі Сайед Муртаза Махмуд.

Бұған қоса, Пәкістан тарапы Гвадар порты арқылы Қазақстанға теңізге және Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына шығу мүмкіндігін ұсынуға дайын екенін айтты.

Кездесуде тараптар энергетика саласындағы, атап айтқанда, «Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан» (ТАПҮ) газ құбырының қуаттарын пайдалана отырып, газ транзиті саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын да атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар қозғалған мәселелерді желтоқсан айында Исламабад қаласында өтетін бірлескен үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысында егжей-тегжейлі талқылауға келісті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам ұлғайып, 95,1 млн долларды құрады. 2022 жылдың 9 айында ҚР мен ПИР арасындағы тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 17,9% артып, 57,0 млн долларға жетті.

Өзгелердің жаңалығы