Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

16 Ақпан 2024, 19:00
1574
Бөлісу:
Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу
Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Ақпан айының кезекті аптасы елімізде және әлемде көп оқиғаға толы болды. Қоғам мен саясат, әлеумет пен мәдениет, дін мен спорт саласында бірқатар айтулы да айшықты жаңалықтар болды. Осыған орай BAQ.KZ тілшісі кезекті аптаны қорытындылап, шолу жасап көрді.

Дау

Осы аптада қоғамды дүр сілкіндіріп, шу туғызған даулы мәселе Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде болды. Себебі әлеуметтік желіде студент қыздардың аты-жөндерінен басқа, ЖСН, ұялы нөмірлері және медициналық мәліметтері жазылған. Сондай-ақ олардың қайсысы "қыз", қайсысы "қыз емес" екені туралы ақпарат та болған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқиғаға қатысты пікірін білдірді. Ведомство басшысы жеке деректерді, әсіресе медициналық сипаттағы деректерді беру, әрине, заң бұзушылық екенін атап өтті.

Осыдан кейін Алматыдағы ҚазҰУ-де пәк қыздардың жеке дерегін кім таратқаны белгілі болды. 

Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

Денсаулық

Қазақстан пандемияға дайындықты бастады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Пандемиялық қор жобасының маңыздылығын айтты.

2023 жылы Пандемиялық қор басқарушыларының кеңесі, Қазақстанды қоса, 37 елде келешек пандемияларға төзімділікті арттыруға бағытталған гранттардың бөлінуін мақұлдаған. Пандемиялық қор гранты Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі, әсіресе, эпидемиологиялық қадағалау, шекаралық бақылау, зертханалық қауіпсіздік, ерте анықтау және жауап беру, сондай-ақ персоналды оқытып-үйрету саласындағы ең зор маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба, - деді Ақмарал Әлназарова. 

Ал мектептерде маска режимі енгізіле ме? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев жауап берді.

Маска тағуға медициналық мекемелердің қызметкерлері міндетті болады. Басқа жерлерде, яғни қоғамдық орындарда профилактикалық мақсатта азаматтарымызға маска тағып жүруді ұсындық. Мектептер мен балабақшаларда медициналық кабинеттер бар. Медбикелерге мұғалімдер, сынып жетекшілер немесе оқушылар қай баланың ауырып тұрғаны жайлы айтады. Олар өз деңгейлерде бұл мәселеге назар аударып, алдын алып отырады, - деді Жасұлан Алпысбаев.

Оның сөзінше, маска тағуды міндеттеу жоспарда жоқ. 

Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

Сот

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Арыстанбек Мұхамедиұлы, Наиля Искакова және Мұстақым Төлеевке қатысты үкім шығарды.

Сот үкімімен Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске сала кетейік, 2022 жылы 29 мамырда Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Искакова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. 

Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

Дін

Еліміздің бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік желіде діни пәтуа беретіндер көбейгенін айтты.

Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда қоғамда, әлеуметтік желілерде дін тақырыбы жиі қозғалатын болды. Әсіресе әлеуметтік желілерде өз бетінше пәтуа беріп, халықтың наразылығын тудыратын жағдайлар жиіледі. Мұндай құбылыстар елдегі діни ахуалға теріс әсерін тигізетіні анық. Сондықтан бұл бағытта де белсенді жұмыс атқаруымыз керек. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі – әйелдер қауымы. Сондықтан менің тапсырмама сай мүфтият жанындағы Әйел-қыздар секторы белсенді жұмыс тәртібіне көшті, - деді ол.

Оның айтуынша әйел-қыздар секторы былтыр белсенді жұмыс атқарды. Республика бойынша мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарына қатысып, уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп, семинарлар, білім сайысы, қайырымдылық шаралар, мәдени шара, шеберлік сағаттары және түрлі спорттық шаралар секілді қоғамдық-мәдени бағыттарда да жалпы саны 10 986 шара атқарылып, 408 828 адам қамтылды. 

Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

Спорт

Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенттігіне боксшы Геннадий Головкиннің кандидатурасы ұсынылды.

ҰОК Бас ассамблеясының негізгі отырысы 26 ақпанға жоспарланған. Отырыста ұйымның жаңа басшысына дауыс береді.

Головкинді бұл лауазымға Олимпиадалық спорт федерациялары ұсынған.

Айта кетейік, бұл лауазымды Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бері тұрақты атқарып келеді. 

Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

Шоу-бизнес

Димаш Құдайберген үшінші рет лауреат атанғаны үшін арнайы сақинаны еншіледі. "Халықтың сүйіктісі" сыйлығы әр жылдары өз қызметіндегі ең сүйікті және танымал тұлғаларға табысталып келеді. 2023 жылғы дауыс беруге 200 мыңнан астам адам қатысқан.

Димаш Құдайберген "Халықтың сүйіктісі" сыйлығының үш дүркін иегері ретінде арнайы номинациямен марапатталды. "DimashAli" шығармашылық орталығының директоры Қанат Айтбаев құрмет грамотасы мен арнайы сақинаға ие болды.

Димаш барлық үміткерлерді құттықтап, ұзақ жылғы қолдауы үшін халыққа алғысын білдірді.

Бірнеше жылдан бері "Халық сүйіктісі" сыйлығының иегері атанғаным үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Осы жылдары басқа елдерде, концерттерде, түсірілімдерде болғандықтан, мұнда келе алмадым. Осы ретте назарларыңызға шексіз алғысымды білдіремін! Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын, – деп жазды әнші желідегі парақшасына. 

Пәк қыздар, Димаш және коронавирус: Өткен аптаға шолу

Әлем

Әлемнің әр нүктесіндегі қақтығыстар толастар емес, қайта қарқын алып жатыр. Соңғы дерек бойынша Израильдің Газа секторына жасаған соққыларынан қаза тапқан палестиналықтар саны 28 576 мыңға жетті.

2023 жылдың 7 қазанынан бері Израиль агрессиясының құрбан болғандар саны 28 576-ға жетті, 68 291 адам жарақат алды, - делінген Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, ХАМАС пен Израиль арасында қарулы қақтығыс өткен жылдың 7 қазаны күні басталды. Қазіргі уақытта Израиль әскері ХАМАС қозғалысын жою үшін Рафах қаласын шабуылдап жатыр.

Қазақстан Палестинаға алғашқыда 1 млн доллар көлемінде көмек берген болатын. Кейінірек қосымша 38 тоннадан аса гуманитарлық көмек жіберілетіні хабарланған. Сол сияқты Газа секторынан эвакуацияланған қазақстандықтар отбасыларымен бірге Алматыға жеткізілген болатын.

Украина даласындағы кескілескен майдан шарықтау шегіне жеткендей. Екі тарап «өліспей беріспейміз» деген күй кешіп, ешқайда шегінер емес. Осы тұста АҚШ Сенаты Украинаға, Израильге және Тайваньға 95 миллиард АҚШ доллары көлемінде көмек пакетін мақұлдады. Осыған дейін демократтар мен республикашылар бұл тақырыпта бірнеше айдан бері дауласып келген.

Пакетте Украина үшін 60 миллиард доллар, Израильдің ХАМАС-қа қарсы соғысына 14 миллиард доллар, қақтығыс аймақтарында, оның ішінде Газа секторында гуманитарлық көмекке 10 миллиард доллар қарастырылған. Сол сияқты Қытайдың агрессиясын болдырмау үшін Тайваньды қоса алғанда, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ серіктестерін қолдауға 4 миллиардтан астам доллар жұмсалады.

Өзгелердің жаңалығы