Мектептерде де маска режимі енгізіле ме

13 Ақпан 2024, 17:18
903
Бөлісу:
Мектептерде де маска режимі енгізіле ме
Фото: BAQ.KZ

Мектептерде маска режимі енгізіле ме? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маска тағуға медициналық мекемелердің қызметкерлері міндетті болады. Басқа жерлерде, яғни қоғамдық орындарда профилактикалық мақсатта азаматтарымызға маска тағып жүруді ұсындық. Мектептер мен балабақшаларда медициналық кабинеттер бар. Медбикелерге мұғалімдер, сынып жетекшілер немесе оқушылар қай баланың ауырып тұрғаны жайлы айтады. Олар өз деңгейлерде бұл мәселеге назар аударып, алдын алып отырады, - деді Жасұлан Алпысбаев.

Оның сөзінше, маска тағуды міндеттеу жоспарда жоқ.

Маска тағуды ешкім міндеттеп отырған жоқ. Бұл ұсыныс ретінде айтылды. Өйткені коронавирустың өсімі байқалып отыр. ЖРВИ-мен ауырғандардың саны да өткен апталармен салыстырғанда 26-30 жағдайға өскені байқалады. Сол себепті адам ауырған адамдармен байланысқа түскен кезде ауа-тамшы жолдары арқылы вирус сау адамға жұғуы мүмкін, - деп түсіндірді ДСМ өкілі.

Комитет азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында осындай ұсыныс енгізілгенін түсіндірді. Сондай-ақ карантиннің енгізілуі мүмкін деп те қауіптенудің қажеті жоқ.

Еліміздің Бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен Қазақстанда тағы да маска режимі енгізілді. Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері - Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова "Ауа-тамшы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы" қаулыға қол қойған болатын.

Құжатқа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында 8 ақпаннан бастап маска режимі енгізіледі. Қазақстан облыстарының, Астана, Алматы және Шымкенттің денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларына медициналық ұйымдардың персоналы мен келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын қамтамасыз ету тапсырылды.

Өз кезегінде, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне, орталық мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға меншік нысанына қарамастан, халық көп жиналатын жерлерде медициналық немесе мата маскаларын пайдалану ұсынылады.

Сонымен қатар құжатқа сәйкес адам көп жиналатын жерлерде, атап айтқанда әуежайда, теміржол вокзалдарында, сапаржайларда, базарларда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, театрларда, кинотеатрларда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде маска тағу ұсынылады.

Бұдан бөлек қоғамдық көліктерде, ұшақтарда, пойыздарда да маска режимі енгізіледі.

Осыған дейін Мәжілісте маска режимі енгізілгенін хабарлаған едік. Сонымен қатар Үкімет үйі де ғимаратқа келушілерге маска тағуды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы