«Өзгерістер кезеңі» көрмесі ашылды

17 Қараша 2021, 10:13
1339
Бөлісу:
«Өзгерістер кезеңі» көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 қарашада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының жастар бірлестігі мүшелерінің «Өзгерістер кезеңі» көрмесі ашылды.

Көрме «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Ол қалың жұрттың назарына Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының жастар бірлестігі мүшелерінің орындаған Қазақстанның қазіргі заманғы көркем және сәндік-қолданбалы өнеріне тән үрдістердің кең спектрін ұсынады.

«Өзгерістер кезеңі» көрмесі ашылды

Іс-шараны ашқан Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева Елбасы кітапханасының Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағымен серіктестігі жас ұрпақтың шығармашылық тәжірибесіне баса көңіл бөлінетін ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел гүлденуіндегі жастардың орны мен маңыздылығын үнемі белгілейтін. Вернисажда ұсынылған туындылар өнер әлеміне алғашқы қадамын басқан жас суретшілердің өмірге, айналадағы құбылыстарға көзқарасын бейнелейді. Бұл жұмыстарда шығармашылық ізденістің инновациялық тәсілдері мен аға буыннан берілген көркемсурет дәстүрлерінің сабақтастығы әдемі сақталған, – деді Күләйша Ақтаева.

«Нұр-Сұлтан суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Ысмайылов жас авторлардың көрмесін ұйымдастыруда танылған баға жетпес көмек үшін Елбасы кітапханасының ұжымына шын жүректен алғыс білдірді.

Бүгінгі шарада суретшілеріміздің бақытты сәтін тамашалап отырмыз. Жас дарындарымыздың жұмыстары Елбасының кітапханасына қойылып отыр. Бұл – кез-келгенге үлкен қуаныш, әрі үлкен абырой.Іс-шараға белсенді қатысқан жастарымызға бұрын-соңды болмаған жеңістерге жетулерін тілейміз, – деді ол.


«Өзгерістер кезеңі» көрмесі ашылды

Мәдениет саласында көптен бері қызмет етіп келе жатқан адам ретінде бұл ретте сіздермен серіктестік құрып жатқанымызға ризамын. Соның арқасында Суретшілер одағының жастар бірлестігінен 20 суретші астананың ең көрікті жерлерінің бірі, сәулеті озық мәдени орданың ғимаратында жұмыстарын ұсыну мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Көрме аясында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері Гаухар Адаймен шығармашылық коллаборация құрып, түрлі инсталляция, перформанс қойдық. Осы орайда келушілердің рухани азық алатынына сеніміміз мол, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар бірлестігінің төрайымы, суретші Гүлдана Жұрқабаева.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында сөйлеген сөздерінің бірінде:«Озық мәдениеті бар ұлттың рухы да әрдайым биік болмақ» деген болатын.

Бүгінде Елбасы кітапханасының алаңында шығармашылық еркіндікті бойына сіңірген жаңа ұрпақтың жанры мен шығармашылық қызығушылығы жағынан сан алуан 40 жұмысы алғаш ұсынылды.

«Өзгерістер кезеңі» көрмесі ашылды

Тоқтамыс Әбсаматов, Людмила Айтуарова, Мәншүк Бақытжан, Нұрсұлтан Қабен, Нұршұға Қиқымова, Абылай Мұрашбеков, Айдана Мыңайдарова, Сырым Мүсірепов, Меруерт Мұқаева, Жәнібек Жапар, Ақмарал Сәнсенбаева, Марина Сидалиева, Жанна Сүлейменова, Аруай Тасмағанбетова, Ақмор Түлкиева, Айсұлу Шайкенова, Илан Рахметуллаева, Гаухар Мангулова аталмыш жобаға арнайы кескіндеме, мүсін, графика, сәндік-қолданбалы өнер, дизайн жанрларындағы жұмыстарды дайындады. Суреттің ритмі мен түстерін бүгінгі көзқараспен түсіндіру, әр жұмыстың эмоционалды кеңістігі менавтордың көрерменмен қарым-қатынасын ұйымдастыру көңіл мен ынтаны талап етеді.

Көрме2021 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалғасады. Оның материалдарымен https://elbasylibrary.gov.kz сайтындағы «Көрмелер» және «Жобалар» бөлімдерінде танысуға болады.


Өзгелердің жаңалығы