Өзгерістер дәуірі: 2024 жылдың маңызды заңдары

Бөлісу:
Өзгерістер дәуірі: 2024 жылдың маңызды заңдары
Фото: BAQ.KZ архив

2024 жыл Қазақстан үшін бірқатар маңызды заңнамалық өзгеріспен ерекшеленді. Елдің әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салаларын дамытуға бағытталған бұл заңдар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және қоғам әл-ауқатын жақсартуға арналған. 

 

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестен бастап, балалардың болашағын қаржылай қолдау жобасына дейінгі қабылданған шешімдер еліміздің тұрақты дамуының айқын көрсеткіші болды. Бұл мақалада 2024 жылы енгізілген ең маңызды алты заңды қарастырамыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң

2024 жылдың 16 маусымында әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң күшіне енді. Бұл заң отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан шараларды бекітті.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен полиция бөлімшелерінің саны көбейтілді, әйел тергеушілердің лауазымдары енгізілді, енді тергеулер жәбірленушілердің өтініштерімен ғана емес, куәгерлердің мәліметтері мен бейнежазбалар негізінде де жүргізіледі.

Заң отбасылық институтты нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Соңғы 5 жылда бұл шаралардың арқасында әйелдерге қатысты қылмыстар саны екі есе, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, кісі өлтіру 49,3%-ға, ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ға азайды. 2024 жылы отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңға жуық хабарлама тіркеліп, 72 мың қорғау ұйғарымы мен 16 мың сот шешімі шығарылды. Бұл нәтижелер әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы елеулі ілгерілеуді және қабылданған мемлекеттік шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Масс-медиа туралы заң

Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама жаңартылып, “масс-медиа” ұғымы кеңейтіліп, оған интернет-ресурстар енгізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру үшін Бірыңғай медиаплатформа құрылды, журналистерді аккредитациялау жеңілдетілді және мемлекеттік емес БАҚ-ты гранттық қаржыландыру тетіктері енгізілді.

Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер, оның ішінде ақпаратқа қол жеткізуде кеңейтілген құқықтармен “журналисттің ерекше мәртебесі” енгізілді.

БАҚ сұраныстарын қарау мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 күнге дейін қысқартылды. Журналистердің Этикалық кодексін әзірлейтін қоғамдық-кәсіби кеңестер жүйесі енгізілді. Ұлттық телерадио хабарларын тарату үлесі 60%-ға дейін ұлғайып, шетелдік бағдарламаларды қайта трансляциялау көлемі 10%-ға дейін қысқартылды.

Сондай-ақ қоғамның психологиялық денсаулығын қорғау мақсатында суицидті насихаттайтын ақпаратты таратуға тыйым салынды. Бұл өзгерістер медиа саласындағы ашықтықты, жауапкершілікті және қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Ұлттық қордан балаларға қаржы аудару туралы заң

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап “Ұлттық қор – балаларға” жобасы іске қосылды. Жоба аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады.

Қаржы 18 жасқа толғанға дейін жиналады және оны мерзімінен бұрын шешуге болмайды. Жиналған қаражат тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім ақысын төлеуге жұмсалады.

2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін 41,8 мың өтініш өңделіп, жалпы сомасы 4,2 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде 22,6 мың өтініш тұрғын үй жағдайын жақсартуға (2,3 млн доллар), ал 19,1 мың өтініш білім ақысын төлеуге (1,9 млн доллар) жұмсалды. Бұл жоба өсіп келе жатқан ұрпақтың ұзақ мерзімді қаржылық қауіпсіздігін нығайтып, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Петициялар туралы заң

2024 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда петициялар туралы заң күшіне енді. Бұл заң азаматтарға үкіметтің міндетті түрде қарауына жататын ресми петициялар ұсынуға заңды құқық береді. Заң петицияларды ұсыну мен қол қою тәртібін реттейді, қарауға болатын мәселелер тізімін және қол қойылатын ең төменгі қолдар санын белгілейді.

Бұл механизм мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болды және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайтып, халықтың билікке деген сенімін арттырды. epetition.kz платформасы халықтың жоғары белсенділігін көрсетті, бұл жарияланған петициялар саны мен әлеуметтік және қоғамдық маңызды мәселелерді талқылауға азаматтардың белсенді қатысуынан байқалады.

Құмар ойын бизнесі туралы заң

Бұл заң құмар ойындарға тәуелділікті азайтуға, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қорғауға және құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Біріңғай борышкерлер тізіліміне енгізілген азаматтарға және мемлекеттік жауапты лауазымды тұлғаларға шектеулер енгізілді.

Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына, соның ішінде сыртқы жарнамаға, көліктегі және БАҚ-тағы жарнамаларға тыйым салынды.

Лотерея қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді: лотерея терминалдарын тұрғын үйлерде, жатақханаларда, діни және әлеуметтік мекемелерде, сондай-ақ олардың 100 метр радиусында орналастыруға тыйым салынды. Бұл шаралар қауіпсіз әрі бақыланатын ортаны құруға, кәмелетке толмағандар мен әлеуметтік осал топтарды құмар ойындарға тартудың алдын алуға және олардың қаржылық әл-ауқатын қорғауға бағытталған.

Несие туралы заңдар

Қабылданған заңнамаға сәйкес Қазақстан азаматтарына банк несиелері мен микронесиелерден ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі берілді. Бұл механизм интернет-алаяқтықпен күресуге, рұқсатсыз несие рәсімдеудің алдын алуға және халықтың несие жүктемесін азайтуға бағытталған.

“Стоп-кредит” қызметін 855,6 мың азамат пайдаланды, бұл оның сұранысқа ие екенін көрсетеді. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ерікті түрде бас тарту кезеңінде рәсімделген несиелерді төлеу міндетінен босату енгізілді.

Сонымен қатар 2024 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы халықтың қарыз жүктемесін азайтуға, несие алушылардың құқықтарын қорғауға және қаржылық реттеуді жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Бұл құжат 90 күннен астам мерзімі өткен азаматтарға кепілсіз несиелер беруге тыйым салуды, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қорғауды, онлайн-несиелер үшін міндетті биометриялық сәйкестендіруді және қарыз дауларын шешу үшін омбудсмендердің өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді.

Өзгелердің жаңалығы