Өзендердің тартылуына адами фактордың әсері жоқ

23 Қазан 2020, 14:48
2140
Бөлісу:
Өзендердің тартылуына адами фактордың әсері жоқ
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысындағы Жайық, Жем, Ойыл өзендері тартылып барады. Бұған қардың, жауын-шашынның аздығы себеп болып отыр. Баспасөз мәслихатын өткізген Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы осы мәселелерге тоқталды.

Өзендердің тартылуына адами фактордың әсері жоқ
Атыраулықтар Жайықты, қызылқоғалықтар Ойылды, ал Жылыой ауданы тұрғындары Жем өзенінің тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр. Мұның барлығын біз біліп отырмыз. Ойыл, Жем өзендері Ақтөбе облысынан бастау алады. Өткен жылдары арнайы экспедиция осы өзендердің бастауына дейін барып келді. Ешқандай адами фактордың әсері жоқ. Тек табиғаттың әсері, яғни қардың, жауынның жоқтығы себеп болып отыр. Оған қоса қыстың жылы болуы, осыдан жерде тоң сақталмайды, ылғал тез сіңіп кетеді. Суды ешкім тежеп отырған жоқ. Ендігі мәселе су көздерін ашу. Бұл бағытта біз Ақтөбе облысындағы әріптестерімізбен бірлесіп, мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Ал Жайық өзені мемлекет деңгейінде көтерілді. Жайықтың бастауында су қоймалары бар. Мұның барлығы министрлікке айтылды. Қазір бұл өзеннің мәселесі Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлінің назарында, - дейді Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Өзендердің тартылуына адами фактордың әсері жоқ

Сондай-ақ, басқарма басшысы Атырау облысындағы экологиялық ахуалды айтып өтті. Айтуынша аймаққа атмосфераға өндірістерден шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшері 180 мың тонна. Алайда өнеркәсібі бар кейбір өңірмен салыстырғанда көлемі аз екен.

Бұл жылдар бойы қордаланып қалған мәселе. Сондықтан уақытты талап етеді. Мысалы Павлодар облысында 700 мың тонна Қарағанды облысында 567 мың тонна зиянды қалдық ауаға шығады. Біз республика бойынша төртінші, бесінші деңгейдеміз. Бірақ бұл көңіл жұбататын жағдай деп айта алмаймыз. Бұған себеп мұнай-газ өндірістерінің өсуі, кәсіпорындардың қуатының артуы. Сондай-ақ Атырау мұнай газ өңдеу зауытының технологияларының нашарлығы. Мұның барлығы біздің қоршаған ортаны ластап жатыр. Енді облыс әкімдігімен арнайы қабылданған шаралар бойынша жұмыстар жасалуда, - дейді Қадыржан Арыстан.

Сонымен қатар Атырау облысындағы өзекті мәселелердің бірі қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау. Қала бойынша жылына 120-150 тонна шамасында қалдық шығарылады екен. Басқарма басшысы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын арнайы цех жұмыс істеп тұрғанмен халықтың экологиямызға жанашырлық мәдениетін де талап ететінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы