Өзбекстанда қазақстандық жоғалтып алған 10 мың доллар иесіне табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ kun.uz-ға сілтеме жасап.
Қазақстан азаматы Ташкент метросымен жүріп бара жатып, келісімге дайындап қойған 10 мың долларын жоғалтып алған. Полиция ақшаның иесін тапты.
Өзбекстан астанасының метросындағы бақылау камералары ақшаның қалай түсіп қалғанын түсіріп алған. Ер адам перрон бойымен келе жатқанда, оның барсеткасынан доллар бумасы түсіп қалған. Ең таңғаларлығы – айналада адам көп болғанымен, ешкім ол ақшаға мән бермеген. Тек баласы бар бір әйел ақшаны көтеріп алып, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Ал тәртіп сақшылары ақша иесін тауып, барлық соманы қолына ұстатқан.
«Қажетті тексеру және іздестіру шаралары жүргізілгеннен кейін қаражаттың заңды иесі анықталып, 10 мың АҚШ доллары белгіленген тәртіппен иесіне толықтай қайтарылды», – деп хабарлады Ташкент полициясы.
Ведомствоның нақтылауынша, жыл басынан бері азаматтар метро, пойыз және ұшақтарда заттарын жоғалту бойынша 580-нен астам рет жүгінген. Олардың барлығы табылып, иелеріне қайтарылған.