Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Өзбекстанда сырттай оқу түріне қабылдау тоқтатылады

7 Мамыр 2025, 14:40
557
Бөлісу:
 UzNews.uz
Фото: UzNews.uz

Өзбекстанда 2025/2026 оқу жылынан бастап сырттай білім беру формасына студент қабылдау ресми түрде тоқтатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл өзгеріс ел Президенті бекіткен «Білім беру сапасын арттыру және білім беру қызметтерін жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» жарлық негізінде жүзеге асады.

Құжатта көрсетілген негізгі тармақтар:

2025/2026 оқу жылынан бастап сырттай оқу түріне қабылдау жүргізілмейді. Алайда күндізгі оқу түрінен басқа баламалы форматтар бойынша (мысалы, қашықтықтан оқу, part-time) қабылдау квоталары кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады;

Баламалы білім беру түрлеріне қабылдау көлемі күндізгі оқу формасына қабылданатын студенттердің 50 пайызынан аспауы тиіс;

Магистратура деңгейінде баламалы оқыту формаларымен ғылыми және педагогикалық кадрлар даярлауға рұқсат беріледі;

Жоғары оқу орындарында баламалы білім беру шеңберінде кредиттік-модульдік жүйеге негізделген оңтайландырылған күндізгі оқыту (part-time) түрін ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі;

Белгіленген шектен тыс студент қабылдау – лицензиялық талаптардың өрескел бұзылуы болып есептеліп, оқу орны лицензиясынан айырылуы мүмкін;

Елдегі барлық оқу орындарында, меншік түріне қарамастан, жалпы штаттық бірлік аясында білім сапасын бақылауға жауапты арнайы құрылымдық бөлімшелер құрылады.

Сырттай оқудың қолданыстағы студенттері оқуын қалыпты режимде жалғастырады. Бұл шешім елдегі жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Өзгелердің жаңалығы