Өзбек сөздерінің латын әліпбиінде жазылуы өзгереді. Енді әліпби бұрынғы 26 әріп пен үш әріп тіркесінің орнына 28 әріп пен бір апострофтан тұратын болады. Тиісті заңға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әліпбиден жеке бірлік ретінде қолданылып келген Sh, Ch және Gʻ әріп тіркестері алынып тасталады. Олардың орнына Ş, Ç және Ğ таңбалары енгізіледі. Сондай-ақ Oʻ әрпі Ö таңбасымен алмастырылады.
Мысалы, бұрынғы shahar (қала) сөзі енді şahar, ал choy (шай) сөзі çoy болып жазылады.
Бұл өзгерістер мемлекеттік құжаттарға, маңдайшаларға, көрсеткіштерге және басқа да жазуларға әсер етеді. Алайда олардың барлығын бірден ауыстыру талап етілмейді.
Ескі нұсқада жазылған құжаттар, ақша мен бағалы қағаздар заңды күшін сақтайды. Ал бұрынғы маңдайшалар мен мемлекеттік рәміздерді тозғанға дейін немесе үкімет белгілеген ауыстыру мерзіміне дейін пайдалануға рұқсат етіледі.
Жаңа ережелер 2027 жылғы 22 сәуірде күшіне енеді. Оған дейін билік өкілдері жаңартылған әліпбиге көшу бағдарламасын әзірлеуі тиіс.
Өзбекстан кириллицадан латын қарпіне көшуді 1993 жылы бастаған болатын. Қазіргі өзгерістер жазу емлесін жеңілдетуге және оны цифрлық ортада қолдануды оңтайландыруға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан сенаторлары өзбек әліпбиін латын графикасына көшіру туралы заңды мақұлдады.