Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен арттыру схемасын әзірледі. Оған сәйкес 2028 жылдан бастап бұл көрсеткішті жыл сайын үш айға көтеру жоспарланып отыр. Республика Президентінің тиісті жарлық жобасы нормативтік-құқықтық актілерді талқылау порталында 30 қыркүйекке дейін орналастырылды.
Жоба мақұлданса зейнетке неше жаста шығады?
Қазіргі уақытта Өзбекстанда ерлер 60 жаста, ал әйелдер 55 жаста зейнетке шығуға құқылы. Егер Қаржы министрлігінің ұсынысы қабылданып, елде зейнеткерлік жасты біртіндеп көтеру жүйесі енгізілсе, онда 2039 жылға қарай көрсеткіш жаңа тұрақты межеге жетеді: ерлер 63 жаста, ал әйелдер 58 жаста лайықты демалысқа шығатын болады.
Сонымен қатар шенеуніктер еңбеккерлерге арналған қорғаныс механизмдерін де қарастырған. Мәселен, жұмыс берушілерге адамды тек зейнеткерлік жасқа жетпеген жасына байланысты жұмыстан шығаруға немесе қызметке қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады. Жұмыссыздар белгіленген мерзімнен екі жыл бұрын зейнетке шығу мүмкіндігін сақтап қалады. Сондай-ақ жер астындағы, зиянды және ауыр жұмыстарда толық жұмыс күні істейтіндер үшін жеңілдіктер күшін сақтайды.
Шоттағы қаржыны алуға бола ма?
Бұдан басқа, 60 жастағы ерлер мен 55 жастағы әйелдер зейнеткерлік жастың өсуіне қарамастан, өздерінің жеке зейнеткерлік шоттарында жинақталған қаражатты ала алады.
Ведомство ұсынып отырған реформалар зейнет тағайындау үшін қажетті ең төменгі еңбек өтілін жыл сайын ұлғайтуды көздейді. Қаржы министрлігінің бастамасына сәйкес, бұл көрсеткіш 2027 жылдан бастап жыл сайын бір жылға артып отырады. Демек, 2034 жылға қарай ол 7 жылдан 15 жылға дейін өседі.
Тіпті ең төменгі өтілі де жоқ өзбекстандықтар белгіленген зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін бес жыл өткен соң бұрынғыдай зейнеткерлікке шыға алады.
Жобада 2027 жылдан бастап жинақтаушы зейнеткерлік жүйесі Халық банкінен Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Зейнетақы қорына берілетіні айтылған. Мұндай шоттардағы ақша азаматтардың мұрагерлік құқығы бар жеке меншігі болып қала береді.
Сонымен қатар, кәсіпорындар мен ұйымдар үшін әлеуметтік салық бойынша жеңілдіктерді алып тастау ұсынылады. Бірақ бұл 2030 жылдың 1 қаңтарынан ерте жүзеге асырылмайды.
Сондай-ақ Қаржы министрлігінің бастамасына сәйкес, 2027 жылдың сәуірінен бастап азаматтар тиісті мемлекеттік қызметтерді алып, өтілі мен табысын есептейтін, болашақ зейнетақы мөлшерін білетін және жинақтарын басқаратын Pensiya мобильді қосымшасы іске қосылады.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан құны 8 миллиард доллардан асатын мемлекеттік активтерді сатылымға шығаратыны хабарланды.
Сондай-ақ, Өзбекстан 2030 жылға қарай электротехника өндірісін 11 миллиард долларға дейін арттырады.