Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медицина тарихында алғаш рет үй жағдайында өз-өзіне кесарь тілігін жасаған жалғыз ана - Инес Рамирес.
Бұл туралы қазақстандық акушер-гинеколог Әйгерім Төреқұлова Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
Инес 1960 жылы мексикалық Оахака штатында дүниеге келген. Ал аталған оқиға 2000 жылдың 5 наурызында болған.
Оның сол кездегі жүктілігі тоғызыншы болған екен. Осы уақытқа дейін әйелді күйеуі босандырып келген. Себебі ең жақын деген медициналық пункт 80 шақырым қашықтықта орналасқан.
Дәл босанатын күні күйеуі үйінде болмаған. Жүкті әйел толғағы барған сайын үдей бастаса да, босанбай жатқанына уайымдай бастаған. Босану процесінде бір нәрсенің дұрыс болмай тұрғанын сезген ол баланы өзі алып шықпақ болған. Ол үшін әйел спиртті ішіп, асханадағы пышақты алып, жатыр тұсынан 17 см вертикалды тілік жасайды.
Тек үшінші талпынысынан кейін ғана ол баласына қол жеткізеді. Әйел баласын суырып алып, оның кіндігін кесіп қана үлгереді. Сөйтіп ес-түсінен айырылады. Біраз уақыттан кейін есін жиған соң, балаларының бірін көмек шақыруға жібереді. Көмекке жергілікті медбике келіп, жас босанған әйелді кәдімгі жіп-инемен тігеді.
Осы оқиғаны естіген аурухана қызметкерлері жағасын ұстаған. Бұл - тарихтағы бірегей оқиға болды. Себебі медицина әлемінде бұрын-соңды осындай оқиға тіркелмеген. Бұл оқиға, тіпті, 2004 жылы «International Journal of Gynecology & Obstetrics» журналында жарияланды.
Кейіннен Инес сұхбат беріп, өз-өзіне кесарь тілігін жасаған кезде қандай күйде болғанын айтып берді.
Мен бұл ауырсынуға шыдай алмадым. Егер балам өлсе, менімен бірге өлсін деген шешімге келдім. Ал егер осы жарықты көру маңдайына жазылса, оның қалай өскенін көріп, қасында болғым келеді деп ойладым. Меніңше, құдай екеуімізді де сақтап қалды, - деді ол.
Инес пен оның ұлы Орландо осынау қиын жағдайда да тірі қалып, есімдері тарихта қалды.