Ойынханаға қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

11 Шілде 2022, 17:30
1717
Бөлісу:
Ойынханаға қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері ойынханалардың біріне жасалған қарақшылық шабуылды ізін суытпай ашты. 

Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді, деп хабарлайды Polisia.kz. 

7 маусымда таңғы сағат 04:58 шамасында102 пультіне облыс орталығында орналасқан ойын клубының кассирі хабарласты. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, бетперде таққан белгісіз біреулер ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған. Яғни, бетперде киген, қолында қаруы бар екі ер адам кіріп, айтқан талаптарын орындамаса дене жарақатын саламыз деп қорқытқан. Одан әрі жас жігіттер арам ойын іске асырып, ойынханадағы касса жәшігін бұзып, ішінен 350 мың теңге ақшаны алып, іздерін суытқан.

Аталған деректі ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркедік. Қылмысты ашып, кінәлілерді ұстау мақсатында бірден іске кірістік. Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан қалалық полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобын құрдық. Жақын маңдағы аумақтарды аралап, ықтимал куәлардан жауап алдық. Бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықтық. Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, екі тәулік ішінде күдікті ретінде облыс орталығының екі тұрғынын анықтап, ұстадық, – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Тергеу барысында жас жігіттер қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жеткізді.

Сонымен қатар, күдіктілердің бірі қолындағы тапаншаның ойыншық екенін, оны қала базарларының бірінен алдын-ала сатып алғанын айтты. Ал қарақшылық шабуыл жасағаннан кейін ол қаруды дәретханаға тастаған. Ойыншық тапанша заттай дәлел ретінде тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда күдіктілер қамауда. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда және қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде, – деп түйіндеді Сахов.

Өзгелердің жаңалығы