Отыз мыңға жуық қазақстандық «қолжетімді спортпен» айналысады

6 Маусым 2022, 22:20
1372
Бөлісу:
Отыз мыңға жуық қазақстандық «қолжетімді спортпен» айналысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің жеті өңірінде тұрғындарды бірнеше спорт түрі бойынша спорт секцияларына тегін қатыстыру мақсатында «Қолжетімді спорт»  жобасы іске қосылды.

Аталған жоба алғаш рет 2021 жылдың қазан айының басында Нұр-Сұлтан қаласының спорт залдарында жүзеге асырылған болатын. Кез келген адам спорт түрін таңдап, аптасына 3 рет жаттығу жасауға мүмкіндік алды. 

Айта кету керек, жоба Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін іске асыру аясында әзірленді. 

Сол тапсырмаға сәйкес Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2022 жылдың сәуір айынан бастап жоба Қазақстанның 7 қаласында жұмысын бастады. 

Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы,  Шымкент, Семей,  Петропавл, Ақтау және Талдықорған қалалары. 

Қазіргі уақытта отыз мыңға жуық қазақстандық скандинавиялық  жүріс, жүгіру, каратэ, үстел теннисі және фитнес сыңды спорт түрлеріне тегін қатысады.

Алайда, жобаға қатысушылар үшін жас шектеуі бар. Скандинавиялық жүріске, үстел теннисіне 18 жастан бастап, ал жүгіруге және каратэге 7 жастан бастап  қала тұрғындары қатыса алады. Фитнес жаттығуларына жас шектеулері жоқ. 

Маңғыстау облысында сәуір айынан бастап «Қолжетімді спорт» жобасы басталып жүзеге асуда. Жоба аясында спорт түрлерімен  тұрғындар тегін түрде айналысуға мүмкіндіктері бар. Ақтау қаласында қолжетімді спорт түрлерінің қатарындағы скандинавиялық  жүріс және жүгіру теңіз жағалауында өтуі  тұрғындардың денсаулығына жақсы әсер ететінін атап өткім келеді. Оған кез келген жастағы тұрғындар қатыса алады. Бұл жоба бұқаралық спорттың қарқынды дамуына үлкен септігін тигізеді, - деді Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы Қанат Жұмабаев. 

Өзгелердің жаңалығы