Отырардан XV ғасырда салынған сәулет құрылысы табылды

16 Қыркүйек 2020, 21:43
2733
Бөлісу:
Отырардан XV ғасырда салынған сәулет құрылысы табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы ортағасырлық Отырар қалажұртында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақ хандығының қалалары: саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталықтары» жобасы аясында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Жобаның мақсаты Отырар қалажұртының XIII-XV ғғ. тән құрылыс қабатын ашу, ғылыми айналымға енгізу, қаланы мекендеген тұрғындардың заттай материалдары мен рухани танымын айқындау; жазбаша, нумизматикалық және басқа дереккөздердегі далалық және камералық зерттеу материалдары негізінде Сайрам, Сауран, Сығанақ, Түркістан, Тараз және өзге де алыс-жақын елдердегі қалалармен туыстық байланысын анықтау, қолда бар барлық ақпаратты жинау және жүйелендіру, құжаттардың стандартты формаларына сәйкес жаңа деректерді ұсыну.

Жоба аясында Бердібек сарайының солтүстік-батыс бөлігінен дүние тарапынан шамалы қиыс салынған үлкен бір әулетке тиесілі, көлемі 6,3х7,7 м келетін кесене орны анықталып зерттелді. Жобада тікбұрышты кесене үш бөліктен, яғни, дәліз (дромос), қабірхана және зияратханадан тұратын порталды құрылыс XV ғасырдың бірінші жартысында салынған сәулет өнері туындысы екені анықталды. Екі бөліктен, яғни, төменгі қабірхана және жоғарыда орналасқан зияратшылар отыратын бөлмеден тұратын сағана құрылысы XIII-XIV ғғ. тән сәулет өнері туындысы болып табылады. Қаланың орталық бөлігінде, яғни, Бердібек хан сарайына және орталық мешітке жақын орналасқан құрылыс орнына жүргілізген қазба жұмысы барысында сағананың төменгі қабірхана бөлмесінен төрт кісі жерленгендігі белгілі болды. Бұл жерде  басты назар аударатын жәйт, сағана ішіне қойылған мүрделердің барлығының кеудеден жоғарғы бөлігі сақталмаған – дейді археологтар.

Археологтардың пайымдауынша, сағана құрылысы Отырар қаласының билеушілері не болмаса ірі тұлға, дін иелеріне тән болса керек.

Мұндай құрылыс орындары Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылы округінде орналасқан Қауған ата, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында орналасқан Сығанақ және Түркістан облысына қарасты Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Яссауи кесенесі маңынан анықталып зерттелген болатын. 
Өзгелердің жаңалығы