Өттің қауіпті дерті ер адамдарда жиірек кездеседі - дәрігер

31 Наурыз 2024, 23:52
1147
Бөлісу:
Өттің қауіпті дерті ер адамдарда жиірек кездеседі - дәрігер
Фото: BAQ.KZ архив

Өт – ағзаны тазалаушы сүзгі. Оның саулығы деннің саулығына тікелей байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы Гепатопанкреатобилиарлы хирургия, онкогепатология және ағза трансплантациясы орталығының онколог дәрігері, хирург Бекқожа Ескендіровтен өттің аурулары, полип дерті туралы сұраған болатынбыз.

- Бекқожа Бақрамұлы, өт қабындағы полип дегеніміз не? Соны түсіндіріп өтсеңіз.

- Түсінікті болу үшін алдымен өт қабы деген не, соған тоқталып өтсек. Өт қабы – бауырдың астында орналасқан кішігірім ағза, ол өтті қойылту жолымен ас қорытуға және он екі елі ішектің саңылауына тағамның түсуі кезінде ішекті босату процесіне қатысады.

Ал өт қабының полипі деген – ол осы өт қабының сілемейлі қабықшасына бездің өсіп шығуы. Оларды: шынайы полип немесе жалған полип (псевдополип) деп екі топқа бөлуге болады. Дәрігердің емдеу тәсілі полиптің түрі мен клиникалық көріністеріне байланысты таңдалады.

- Өт қабындағы полиптің түзілуіне қандай себептер бар?

- Егер жалған полиптер туралы айтатын болсақ, 70%-ға дейін – бұл холестериндік полип. Ол метаболизмнің бұзылуы салдарынан пайда болады. Шектен тыс майлы тағамды тұтыну полиптің әрі қарай өсуіне алып келеді. Олар холестериннің алдында триглицеридтердің және өт қабының сілемейлі қабықшасында холестерин эфирлерінің аномалиялық тұнуының салдарынан пайда болады. Қалған бөлігіне сілемейлі қабықшаның қабынуы мен аденомиоматоз салдарынан орын алатын қабынуы полипі арқылы көрініс табады.

Шынайы полип дегеніміз – ол бездік тінде өсіп шығады. Яғни бұл аденома мен аденокарциномалар. Олардың пайда болу себебі белгісіз.

- Оған шылым шегу себеп болады деген рас па?

- Әрине, шылым шегудің қауіп төндіру факторы ретіндегі әсерін жоққа шығара алмаймын.

- Бұл ауруды ерте диагностикалаудың қандай да бір әдіс-тәсілдері бар ма?

- Өт қабының полипі әдетте трансабдоминалды УДЗ кезінде кездейсоқ анықталады. Бұған холецистэктомиядан соң өт қабына гистологиялық тексеру жүргізу кезінде ғана қол жеткізуге болады. УДЗ немесе КТ, МРТ көмегімен профилактикалық диагностика жүргізу өт қабының полипінің бар-жоғын анықтай алады. Ультрадыбыстық зерттеу – бұл 80%-ға дейін жақсы сезімталдық пен өзгешелікке ие қолжетімді әдіс, яғни полиптің түрін 90%-ға дейін көрсете алады.

- Өт қабында қатерлі және қатерсіз полиптері қаншалықты жиі кездеседі?

- Өт қабы полипінің таралуы әдетте 4,3%-дан 6,9%-ға дейінгі аралықты құрайды. Ер адамдарда өт қабының полипі әйел адамдарға қарағанда жиірек анықталады.

Айқындалған полиптердің арасында 95 пайызы – бұл қатерсіз полип. Ал қалған бөлігі қатерлі: аденокарцинома, жалпақжасушалы обыр, муциноздық цистаденома мен аденоакантома. Егер диагностикалық мониторинг кезінде жылдам өсу, ісіктің өсуі байқалса, бірден хирургтың консультациясына жүгіну керек. Бұл қатерлі сипаттағы полип болуы ықтимал.

- Бұл ауруды сіз қалай емдейсіз? Аурудың сатысына қарай қандай әдістерді қолданасыздар?

- Емдеу әдісі өт жолындағы беріштің көлеміне, пациенттің жас ерекшелігіне қарай таңдалады. Шынайы полип тек хирургиялық жолмен ғана емделеді. Қатерлі ісікке айналып кеткен жағдайда тактиканы мультидисциплинарлық талқылау жүргізіледі. Аурудың және оның асқынуының емдеу әдістері туралы шешімнің барлығы пациенттің медициналық тарихын, диагностикалық зерттеулер нәтижесі мен әр нақты жағдайдың ерекшеліктерін ескере отырып қабылданады.

- Полиптің бар-жоғын көрсететін симптомдар бар ма?

- Көп адамдарда полип симптомсыз пайда болады және диагноз УДЗ кезінде кездейсоқ қойылып жатады. Кейбір адамдарда полип кезінде оң жақ қабырға асты ауырсынуы мүмкін. Қатерлі түрі оның қандай сатыда екендігіне қарай әртүрлі сипатта көрініс табуы мүмкін. Сарғаюмен көрініс табатын жайттар кездеседі.

- Өңірлермен қаншалықты тығыз жұмыс істейсіздер? Облыстық ауруханаларға барып тұрасыздар ма?

- Жуырда ғана Көкшетау, Орал мен Өскемен қалаларына жұмыс сапарымен барып келдік. Семинар мен тренингтер кезінде біз басқа қалалардағы әріптестерімізбен жұмыс тәжірибемізбен бөлісеміз. Негізгі мақсатымыз – өт қабы полипінің проблемасы туралы көбірек ақпаратпен бөлісу. Себебі бұл қазіргі таңда ең күрделі әрі қауіпті аурулардың бірі болып отыр. Семинарларымыз бен тренингтерімізде біз өт қабының полипі қалай пайда болады, симптомдары мен себебі қандай деген мәліметтермен бөлісеміз. Сондай-ақ осы ауруды емдеу жолындағы өз жетістіктеріміз бен зерттеулерімізді алға тартамыз. Белсенді насихаттау және тәжірибе алмасу арқылы адамдардың өт қабының полипі дерті туралы хабардар болуын арттырып, дәрігерге дер кезінде жүгінулеріне көмектесеміз деген сенімдемін.

- Шетелге жаңа білім мен тәжірибе жинақтау үшін жиі шығасыздар ма?

- Жыл сайын шетелге оқуға барып, білімімізді, біліктілігімізді арттырамыз. Осы сапарлардың арқасында отандық дәрігерлеріміз онкология мен медицинадағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, өзге елдердегі ең үздік мамандардың тәжірибесін қабылдау мүмкіндігіне қол жеткізіп келеді. Бұл бізге соңғы ғылыми жаңалықтар, емдеу мен диагностикалаудың жаңа әдістерін біліп, оларды практикада қолдануға жол ашады. Осындай іссапарлардың арқасында мамандар кәсіби тұрғыда жетіліп, пациенттеріміз үшін медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне қол жеткізеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы