Өткен жылы танымал болған есімдер

3 Қаңтар 2024, 16:38
1409
Бөлісу:
Өткен жылы танымал болған есімдер
Фото: BAQ.KZ - архив

2023 жылы танымал болған есімдер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заман талабына сай жыл сайын белгілі бір есімдер сәнге айналып отырады. 2023 жылы қандай есімдер танымалдыққа ие болды, саралап көрелік.

Мысалы жыл басында қыздар үшін Медина есімі – 705 сәбиге қойылса, Айша - 462, Айлин - 423, Асылым есімімен 406 сәбиді, Сафия деп 327 сәбиді атаған. Ал ер балалар үшін Алихан, Омар, Амир, Айсұлтан, Алдияр есімдері танымалдыққа ие болған.

Жыл соңында Алихан есімі – 216 сәбиге қойылса, Мұхаммед, Алан, Хамза есімдерімен де көптеген ата-ана өз сәбилерін атауды жөн көріпті. Жыл аяғы қыздар арасында Томирис, Адия, Аяла есімдері танымалдыққа ие болыпты.

Адам тағдырына оның есімінің тікелей әсері бар дейді мамандар. Үлкендеріміз де балаға есім қоярда оның мән-мағынасына аса мән беру керектігін айтады.

Балаға есім беру кезінде аса ұқыптылық танытқан жөн. Баяғыда ата-бабаларымыз балаға есім қою үшін салиқалы, өнегелі, өзіндік жолы, абыройы бар адамды таңдаған. Қазір жас ата-аналар ондай үрдісті құп көрмейді, заманауи есімдерге құмар келеді. Оның мәні қандай, мағынасы қандай қарап жатқан жоқ. Сондықтан балаға есім қоюды үйдің үлкеніне, қарияларымызға, сөздің мәнін ұғатын адамға сеніп тапсырған жөн, - дейді Батухан қария.

Ал дін бойынша Алла Елшісі: «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер және ең жақсы есімдер – Абдулла және Абдурахман, ең шыншылдары – Харис және Һаммам, ал ең жиіркеніштілері – Харб және Мурра» деген болатын. Және «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» деп балаға жақсы есім қоюға шақырған.

Ұлу жылы елімізде қандай есім танымал болса да, әр ата-ана балаға есім қоярда жауапкершілікті өзі арқалайтының ұмытпаған абзал.

Өзгелердің жаңалығы