Отбасының бай не кедей екенін мемлекет қалай анықтайды?

Отбасының цифрлық картасында 20,6 млн қазақстандық туралы мәлімет жинақталған.

13 Қазан 2026, 10:56
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 13 Қазан 2026, 10:56
13 Қазан 2026, 10:56
282
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда Отбасының цифрлық картасында 6,2 млн отбасыны құрайтын 20,6 млн азамат туралы ақпарат бар. Жүйе отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалап, мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтарды анықтауға және оларға көмек туралы алдын ала хабарлауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды.

Отбасының жағдайы қалай бағаланады?

Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау жүйесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, халықаралық тәсілдер негізінде әзірленген.

Бағалау нәтижесінде әр отбасы әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санаттың біріне жатқызылады:

А санаты – әл-ауқаты жоғары;

В санаты – әл-ауқаты ауқатты деңгейде;

С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық;

D санаты – экономикалық тұрғыдан осал;

Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.

Отбасының санаты бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Бағалау 59 көрсеткіш пен сегіз негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, мүлкі мен активтері, тұрғын үй жағдайы, жеңіл және коммерциялық көліктерінің болуы, жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығы, жұмыспен қамтылуы, несиелері мен мерзімі өткен берешегі, кәсіпкерлік қызметі бар.

Жоғары әл-ауқат санаты қалай анықталады?

Мысалы, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Оны анықтаудағы өлшемдердің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Берілген мәліметке сәйкес, бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп.

Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, сондай-ақ люкс не премиум санатындағы қымбат көліктері сияқты көрсеткіштер де ескеріледі.

Демек, отбасының санатын анықтағанда тек табысы, үйі немесе көлігі ғана емес, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты өзге де мәліметтер қарастырылады.

Отбасының санаты өзгеруі мүмкін бе?

Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер жаңарған сайын, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер де автоматты түрде жаңартылып отырады.

Мысалы, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса немесе бағалауға әсер ететін басқа жағдайлар өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық ахуалы қайта бағаланады.

Мәлімет қате болса, қайда жүгіну керек?

Егер азамат отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

Мамандар Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтауға көмектеседі. Қате ақпарат бастапқы дереккөзде түзетілгеннен кейін, ол цифрлық картада автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты келесі бағалау кезінде қайта анықталады.

Бұл жағдайда қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Цифрлық карта не үшін қажет?

Отбасының әл-ауқатын бағалау мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындау кезінде отбасының нақты жағдайын ескеруге мүмкіндік береді. Жүйе әлеуметтік көмекті мұқтаж отбасыларға бағыттауға, олардың жағдайындағы өзгерістерді уақытылы анықтауға және қандай қолдау алуға болатыны туралы алдын ала хабарлауға арналған.

Наверх