«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы тағы бес өңірде іске асырылмақ

26 Қараша 2020, 12:02
3278
Бөлісу:
«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы тағы бес өңірде іске асырылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жүйелі түрде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және осындай жағдайға түскен азаматтарға көмек көрсетуді қарастыратын жоба еліміздің тағы да бес өңірінде іске қосылатын болды. 

Осыған дейін пилоттық түрде іске асырылған жоба өз тиімділігін көрсеткен. 

Жобаның тиімділігі жайында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова «Зорлық-зомбылықсыз азаматтық қоғам» тақырыбында өткен IX Азаматтық форумында мәлімдеді. 

Ұлттық комиссия төрайымы бұл іс-шараның 25 қарашада атап өтілетін – Зорлық-зомбылықты жою жолындағы күрестің халықаралық күні мен БҰҰ Бас ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылатын «зорлық-зомбылықсыз 16 күн» кампаниясымен тұспа-тұс өтуінің өзі мәселенің өзектілігін көрсететінін атап өтті. 

Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Бұл ең алдымен, әлеуметтік және еңбек тұрақсыздығы, өмірде өз бағытын жоғалту, отбасылық құндылықтардың төмендеуі. Сондай-ақ осы мәселеде мемлекеттік органдардың өзара әрекетінің жеткіліксіздігі, отбасы институтының әлсіреуі, маскүнемдік, нашақорлық және тағы да басқа проблемалар мәселеге бірден-бір себеп. Мұның барлығын жүйелі әрі кешенді түрде шешпейінше, отбасындағы зорлық-зомбылық проблемасы шешімін таппайды, - деді Ләззат Рамазанова. 

Спикер атап өткендей, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген қылмыстың жауапкершілігі елде күшейтілген. Десе де қатаң амалдар мен жазалау шаралары мәселені түбегейлі жоя алмайтынын назарға салды. 

«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы тағы бес өңірде іске асырылмақ

Бір қарағанда, зорлық-зомбылықпен күресуге қажетті барлық шара бар. 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданды. Уәкілетті органдар анықталып, қажетті тетіктер бекітілген. Алайда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттарының саны артпаса, кемімей отыр. Әсіресе, пандемияға байланысты оқшаулану кезінде мұндай жағдайлар көбейген, - деді Ұлттық комиссия төрайымы. 

Ләззат Рамазанова атап өткендей, зорлық-зомбылық туралы жайттарға бірінші болып азаматтық сектор емес, уәкілетті мемлекеттік орандар дер кезінде әрекет жасауы керек. 

Зорлық-зомбылық жайттары туралы жәбір көрген азаматтар қоғам белсенділеріне хабарласып, ол жайында қоғам белсенділерінен естіп жатамыз. Алайда мұндай жағдайларға орталық уәкілетті органдар мен жергілікті атқарушы органдар бірінші кезекте әрекет жасауы керек. Заңнамалық деңгейде тиісті функциялары бекітілген, Білім министрлігі жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитеттің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Отбасы және жастар істері жөніндегі комитетінің айтқанын неге естімейміз? Үкіметтік емес сектор, министрлік пен әкімдіктер бірлесіп жұмыс жасауы тиіс, - деп атап өтті Ләззат Рамазанова. 

2017 жылы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, мемлекеттік және халықаралық институттармен бірлесіп «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба пилоттық түрде елдің оңтүстік өңірлерінде іске асырылған. 

Нәтижесінде тоғыз мыңнан аса азаматқа құқықтық және әлеуметтік мәселелерді шешуде көмек ұсынылған. Жоба аясында Отбасы, балалар мен жастар ісі жөніндегі басқармалар құрылған. Қиын жағдайға түскен отбасылар мен зорлық-зомбылық тәлкегін тартқандарға тегін қызмет көрсететін әлеуметтік-пихологиялық қызметтер ашылған. Әлеуметтік түйіткілдердің алдын алу бағытында іс-шаралар өткізілген. 

Онымен қоса, Шымкент қаласында медициналық-психологиялық орталық құрылған. Бұл орталықта ұрып-соғып отбасының берекесін қашырған және ішімідікке тәуелді адамдарды психологиялық әдіспен түзейтін арнайы бағдарлама іске қосылған. 

Ләззат Рамазанованың айтуынша, жоба өз тиімділігін көрсеткен, сондықтанда қазір бұл жоба қоғамға аса қажет. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың екінші кезеңіне сай, жобаны еліміздің бес өңірінде енгізу қарастырылған. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы облысы, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында.

Жобаны іске асыру жұмысы жалғаса бермек. Бұл ретте, азаматтық қоғам, үкіметтік емес сектордың тарапынан қолдау болатынына сенімдіміз. Тек бірлескен іс арқылы ғана зорлық-зомбылықты тоқтатып, отбасының бірлігі мен берекесін сақтап қала аламыз, - деп сөзін түйіндеді Ұлттық комиссия төрайымы.

Өзгелердің жаңалығы