Отбасы күні: 12 баланы асырап алған Ержановтар шаңырағы – «Мерейлі отбасы» жеңімпазы

31 Тамыз 2022, 11:47
1924
Бөлісу:
Отбасы күні: 12 баланы асырап алған Ержановтар шаңырағы – «Мерейлі отбасы» жеңімпазы

Биылғы Отбасы күніне жамбылдықтар айрықша әзірленуде. Мәселен, күні кеше Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Мерейлі отбасы 2022» ұлттық байқауының Жамбыл облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы  BAQ.KZ тілшісі.

Биыл отбасы тағылымын насихаттайтын байқаудың аудандық және қалалық кезеңдері 15 мамыр мен 15 маусым аралығында ұйымдастырылды.  Нәтижесінде, аталған кезеңдерге барлығы 247 шаңырақ атсалысуға өтінім берді. Аудандық және қалалық комиссиялардың шешімдерімен облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алған болатын.

Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, биылғы 8 шілдеде аймақтық комиссияның отырысы ұйымдастырылып, отбасылық бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Салтанатты басқосу барысында жеңімпаздар мен жүлдегер отбасыларға Алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды.

Байқаудың бас жүлдесін Тараздан додаға қосылған Ержановтар отбасы иеленді. Олар 1988-1989 жылдар аралығында отбасылық үлгідегі «Ержановтар» жанұясын ашып, өздерінің 7 баласымен бірге, 12 баланы (7-еуі ұл, 5-еуі қыз) өздерінің қамқорлықтарына алған. Қазіргі таңда Ержановтар жанұясының отбасылық үлгісіндегі балалар үйі жабылып қалса да (балалардың кәмелеттік жасқа толуына байланысты), тәрбиелеріне алған 2 ұл мен 1 қыз әлі де Ержановтар отбасымен бір шаңырақтың асытнда тұрып жатыр. Сонымен қатар, ата-анасынан үлгі алып, жолын қуған ұлы Артур Ержанов өзінің 7 бірдей ұл-қызынан бөлек, қамқорлығына 7 баланы (4-еуі ұл, 3-еуі қыз) алып отыр. Бұл отбасы осы жылдың аяғына дейін тағы 6 баланы асырап алуды жоспарлауда.

Ал бірінші орынды 9 ұл  6 қыз өмірге әкеліп,  36 немересінен 40 шөбере сүйіп отырған Байзақ ауданынан Мамырбаевтар отбасы еншіледі. Бұл шаңырақтың ірге қалағанына 65 жыл толған екен. Отбасы мүшелерінің түгелі дерлік отағасы С.Мамырбаевтың жолын жалғап, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жатыр, яғни білім беру саласында еңбек етіп жүр.

Екінші орын Т.Рысқұловтан қатысқан «Меценаттар шаңырағы» деуге лайық Дәлибаевтар отбасына бұйырды. Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келе жатқан үлгілі отбасы Қорағаты ауылындағы тұрмыстық ахуалы төмен әрі жалғыз басты әйелге 4 миллион теңге қаржыға 4 бөлмелі үйдің іргесін қалап, тұрғызып берді. Сондай-ақ осыдан төрт жыл бұрын «Жомарт Жүрек» байқауының жеңімпазы атанғаны бар. Елді қос өкпесінен қысқан коронавирустық инфекция өршіген тұста Қорағаты ауылының материалдық жағынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай жәрдем берсе, елдімекеннің балаларына арналған бокс мектебіне 500 мың теңгенің шамасындағы сомаға спорттық құрал-жабдықтар сатып алып берген. Отбасында 7 ұл-қыз тәрбиеленуде екен.

Үшінші орынды Қордай ауданындағы этносаралық татулықты нығайтуға елеулі еңбек сіңіріп жүрген Вансинвин отбасы еншіледі. Олар ұлтаралық бірлікті, ынтымақты насихаттап жүрген отбасы ретінде белгілі. Сортөбе дүнген этномәдени орталығының жұмысын ұйымдастырып, аймақтың қоғамдық тыныс-тіршілігін жүйелеуге белсенді түрде үлес қосады. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына алсалысып, No 16, 17, 18, 48 және басқа да білім ошақтарының оқушыларын киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етуде.

Жақында сол «Мерейлі отбасылар» өздерінің көптен күткен жүлделі орындарына ие болып, салтанатты жағдайда марапатталды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев үлгілі отбасыларды арнайы құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өткен марапаттау рәсімі отбасылық бірлік пен берекенің мерекесі іспетті болды.

«Отан - отбасынан басталады» деген дана халқымыз, әрбір мемлекеттің болашағы онда тұратын отбасылардың өркендеуіне, нығаюуына байланысты қалыптасатыны ақиқат. Отбасының құндылықтарын дәріптеп, шаңырақтың берекесін, ырысын арттыруға атсалысатын бәсекеге қатысушылардың бәрі де өз әулеттерінің абыройын асырып, өз ауылдарының шаттығына бөленіп отырғаны анық. Олардың тәрбиесі, іс-әрекеті, еңбекқорлығы, мейірімі айналасындағы отбасыларға үлгі, өнеге, - деді өз сөзінде жеңімпаздарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Еркінбек Үйсімбаев.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы сегіз жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде, мыңдаған шаңырақ аталған байқауда бақтарын сынап, мерейлері тасып жатқанын атап өтуге тиіспіз. Биылғы бәсекеге Жамбыл облысынан 247 отбасы қатысуға өтініш берген болатын. Ұлттық тағылым мен дәстүрді дәріптейтін шарада 2014 жылдан бастап облыс бойынша 1500-ден астам отбасы бақ сынаған екен. Олардың 60 пайызынан көбі көпбалалы ата-аналар болса, 185-і өзге ұлттардың өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы