Отандық зергерлік бұйымдардың қайда жасалатынынан хабарсызбыз - зергер

13 Ақпан 2023, 20:52
4064
Бөлісу:
Отандық зергерлік бұйымдардың қайда жасалатынынан хабарсызбыз - зергер
Фото: aikyn.kz

Қазақтың тойшыл халық екені жасырын емес. Осы бір ғана тойдың төңірегінде ұзатылған қыз бала, келін түсіру, құда, құдағиларға тағы басқа салт-дәстүрлік жоралғылармен тұтынушылар алтынға деген сұраныстың құнын өлтірмей ұстап тұр, деп хабарлайды Түркістан облысының BAQ.KZ тілшісі. 

Ал енді осы бағалы тастың Түркістан облысында қанша той болса, алтынның да соншалықты саудасы жүріп, қызады дегенді білдіретіні рас. Бұл ретте біздің аймақтағы алтынның саудасын кімдер бақылайды? Жалпы, қазақ зергерлерінің еңбегі қаншалықты бағаланып жатыр? Біздің алтын деп алып жүрген затымыз расында қоспасыз таза алтын ба? Алтын саудасының айналымында көпшілік біле бермейтін қандай мәселелер бар? Осы және басқа да сауалдарға байланысты біз Қазақстан Зергерлер лигасының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры, MBA магистрі Мұхтар Бегмановпен Қазақстан нарығындағы бағалы тас алтынның сауда айналымы туралы және одан өзге де қандай мәселелер бары туралы сұхбат жүргізген болатынбыз.  

– Мұхтар Құрбанбайұлы, Қазақстан әлемдегі алтын өндіретін елдер арасынан 16-шы орынға табан тіреді. Ал Түркияның өзі бағалы металдар өндіретін жеке кен орындары болмаса да зергерлік өнім өндіру бойынша әлемде екінші орында тұр екен. Біз қашан және қандай жағдайда ол деңгейге көтеріле аламыз? 

– Түркия Италия мен Үндістанмен қатар әлемдегі ең ірі зергерлік өнімдер өндірушілерінің үштігіне кіреді. Ал ол елден Қазақстанға әкелінген зергерлік бұйымдардың құны 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Тіпті бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Бүгінде Түркия үкіметі зергерлік нарықта экспортты қолдап отыр. Халықаралық көрмелер, алтын сатып алуға субсидия және басқа да шығындарды үкімет толығымен өз мойнына алған. Қазақстанда аталған деңгейге жету үшін осы жолмен жүріп өту керек. Бізде мемлекеттік қолдау енді айтылып жатыр, ал іс-жүзінде шешілмеген мәселелер көп. Жалпы, Түркияда жыл сайын шамамен 250-300 тонна зергерлік бұйымдар өндіріледі. Сондай-ақ, инновация тағы бір маңызды басымдық болып отыр. Түркияда Jewellery Technology Research зертханасы жұмыс істейді. Жуырда олар жаңа құрылғыны көпшілік назарына ұсынды.  Жаңа құрылғы өсірілген гауһар тастарды және металдың сапасын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ондағы бұйымдардың сапасын арттыра түсуге септігін тигізеді.  Бізде мәселен мұндай технологиялар қолданбақ түгілі арнайы зертаханалар да жоқтың қасы. 

– Қазақстанда және әлемде алтын өндіру ісі қаншалықты өзекті және перспективалы?

– Әлемде алтынға сұраныс жоғары. Бүгінде орталық банктердің алтын-валюта резервтерінде әлемдік алтынның жалпы көлемінің шамамен 25%-ы бар. Ал елі­міз­де соңғы отыз жылдай уақыттың айна­ла­сында алтынға геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмегендіктен оның дәл қорын анықтау мүмкін емес. Бір кездері Ұлттық банк елде өндірілген алтынның бәрін сатып алып отырған. Бұл сыртқы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Десе де жыл сайын елімізде алтын өндірісі өсіп жатқанын байқауға болады. Алтын халықаралық резервтік активтер деп аталады. Сондықтан алтын өндіру ісі әрдайым перспективалы болмақ. Қазір қымбат металдың негізгі тұтынушысы зергерлік өнеркәсібі – шамамен 50 % құрап отыр. Көбіне зергерлік өнеркәсібіндегі жаһандық сұраныс негізінен Үндістан, Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия және Таяу Шығыс елдерінен туындайды.

– Қазақстанда алтын өндіретін қанша зауыт бар? 

Бүгінгі таңда Қазақстанда «Қазақювелир», «Алматы зергерлік зауыты», «Жемчужина» және Қостанай «Содалит» зергерлік бұйымдарын шығаратын төрт негізгі зауыт жұмыс істейді. Қазір елдегі зергерлік бұйымдар нарығының 90 %-ы контрабандалық және қолдан жасалып отыр деген болжам бар. Ресми деректерге жүгінсек, бүкіл республика бойынша 10 мыңға жуық сауда нүктесі зергерлік бұйымдарды сатумен айналысады, алайда  олардың барлығы өкінішке қарай елге заңсыз жолмен әкелінген.

– Өзіңіз басқарып отырған зергерлер лигасы қалай құрылғаны туралы қысқаша айта кетсеңіз? 

Қазақстан зергерлер лигасы 2016 жылы Алматы қаласында құрылды және бастапқыда он зергерлік компаниясы мен жеке кәсіпкерлерді қамтыды. Қазір Лига ел бойынша бес филиалдан тұрады, оның ішінде Түркістан облысы да бар және оған жалпы жұмысшылар саны мыңнан асатын елуден астам кәсіпорын кіреді. Қазір зергерлер лигасы Еуразиялық экономикалық одақтың жанынан құрылған Еуразиялық зергерлік экспорттық бюроның құрылтайшыларының бірі. Оған барлық бес елдің зергерлік қауымдастықтары кіреді. Осы уақыт ішінде Лига зергерлік қауымдастықты қорғау бөлігінде де, әкімшілік кедергілерді, соның ішінде салықтық реттеуді төмендету үшін біраз нәтижелерге қол жеткізді. Негізгі міндет – қазақстандық зергерлік саланы дамыту және үшінші елдердің нарықтарына шығу. 

– Елімізде бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдардың айналымын бақылау реттелмеген. Нәтижесінде «көлеңкелі» айналымның үлесі 90 % құрайды. Жалпы көтерілген мәселе жөнінде толығырақ айтып берсеңіз? 

– Елімізде 2021 жылы зергерлік бұйымдар нарығы 76 миллион АҚШ долларын құрады. Ал оның 4 миллион АҚШ доллары отандық өндірушілер үлесіне тиесілі, яғни тек 5% ғана. Бүгінде отандық зергерлік бұйымдардың қандай алтыннан және қандай зауытта немесе шеберханадан шыққанынан бейхабармыз. Бұл фактілер Қазақстанда қымбат металдар мен бағалы тас­тар нарығында бақылау жоғын көр­сетеді. Көршілес Ресейде зергерлік бұйымдардың әу баста жасалу жолдары қадағаланған. Олар қай жерден сатып алынған алтын, қандай зауытта өндірілген бұйым екенін біледі. Түркияның алтын базарына барып, бағалы металл алсаңыз, өзінің қалаған сынама белгісін қойып беретінін айтады. Сондықтан бағасы арзан, сапасы күмәнді алтын бұйымдар елге көптеп әкелініп жатыр. Қарасаңыз, еліміздегі барлық сауда орындарында шетелден әкелінген заңсыз бұйымдар немесе шеберханада жасалған сапасы төмен алтындарға толы. Бұл өз кезегінде заң аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге көп қиындық тудыруда. Себебі тұтынушыға арзан бағада сатып алған ыңғайлы. Мұндай қысымға шы­да­маған зергерлердің көпшілігі кейін өздері көлеңкелі айналымға кетіп қалып жататын жайттар аз емес. Қазіргі кезде Үкіметтің алдында үлкен міндет тұр. Ол көлеңкелі импортқа қарсы күресті күшейту және контрабанданы шектеу, қаржылық жағынан отандық зергерлерге қолдау көрсету, бәсекеге қабілетті ету жолдарын қарастыру болмақ. 

– Сіз зергерлер қауымдастығының  төрағасысыз. Айтыңызшы, жоғарыда келтірілген  проблемаларды шешу үшін нақты не істеу қажет? 

– Ең алдымен зергерлік саланың дамуына кедергі келтіретін нәрсе – ол мемлекеттік қолдаудың болмауы. Нәтижесінде зергерлік бұйымдардың 90 % «көлеңкелі» айналымда. Нарықты «көлеңкеден» шығарудың бірден бір жолы – ол қолданылатын шикізаттың заңдылығын тексеру. Екіншіден, көлеңкелі сауда мен контрабанда іс-қимылын реттеу қажет. Сондай-ақ, зергерлік бұйымдарды өндіретін арнайы техника мен технологиялық құрылғыларды сатып алуға субсидия бөлу қажет. Үшіншіден, зергерлік нарықтың көлемін анықтау үшін «бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өндіру мен сату» қалай іске асып жатқанын бақылауда ұстау маңызды. Тек осы жағдайда олар импорттық өнімдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті бола алады.

– Зергерлік бұйым өндірушілері  салық төлемейтін болды. Еліміздің осынау бағалы металға қатысты өнеркәсіптік саясаты зергерлер қауымдастығының көңілінен шықты ма? Аталған түзетулерден кейін алтын нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Бүгінде Қазақстанда жасалған зергерлік бұйымдардың негізгі бөлігі ломбардтардан немесе базардан ҚҚС-сыз алынған алтыннан жасалған. Осы ретте үкіметте саланы дамыту бойынша 2022 жылы арнайы шаралар пакеті әзірленген болатын. Енді биылдан бастап алтын мен күмісті сатып алуға байланысты салықтан босату заңнамасы күшіне енді. Егер осы заңнамадағы түзетулермен қатар тағы бірнеше өзгерістер енгізілсе, онда сала бәсекеге қабілетті бола алар еді. Бұл сала алдағы уақытта көршілес Ресей мен бауырлас Түркия елдері сияқты бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды экспортқа шығарар күн әлі алда деп білемін. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы