Отандық стартап жұмыс чаттарын талдауға арналған жасанды интеллект жасап шығарды

19 Ақпан 2025, 17:32
209
Бөлісу:
Отандық стартап жұмыс чаттарын талдауға арналған жасанды интеллект жасап шығарды
Фото: жеке мұрағат

Елімізде жасанды интеллект негізінде жасалған стартаптар қарыштап дамып келеді. Осы салада ізденісте жүргендер де, ірі компанияларға айналып үлгергендер де бар. Болашағынан зор үміт күттіретін сондай жас жобалардың бірі - Chat Insider AI. BAQ.KZ тілшісі қарапайым идеядан басталып, бүгінде жұмыс чаттарын талдауға арналған қызметін қазақстандық және еуропалық клиенттерге ұсынып отырған жобаның авторы, AI Star компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Кирилл Паньковпен сұхбаттасқан еді.

Chat Insider AI құру идеясы қалай пайда болды? Қандай мәселелерді шешуге тырыстыңыз?

Бастапқыда біз басқарушы компанияларға арналған «Домовой Градусник» атты жасанды интеллект шешімін әзірледік. Біздің алғашқы клиентіміз 20 үйді басқаратын құрылыс компаниясының директоры еді. Ол тұрғындар чаттарындағы адамдардың көңіл-күйіне талдау жасап, проблемаларды дер кезінде анықтап, NPS (Net Promoter Score - тұтынушылардың адалдық индексі) көрсеткішін жақсартқысы келді. Біз әр хабарламаның "көңіл-күйін", өтініш түрін (шағым ба әлде жай хабарландыру ма дегендей), негізгі тақырыбы мен инсайттарды анықтайтын жүйе жасадық.

Кейін бұл технология тек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) саласында ғана емес, басқа да салаларда сұранысқа ие екені белгілі болды. HR мамандары мен компания басшылары қызметкерлердің көңіл-күйін бақылап, кадр тұрақтылығын сақтап, көшбасшылық қасиеттерін дамыту үшін осындай құралға мұқтаж еді. Осылайша корпоративтік чаттарға арналған «Mood Monitor AI» пайда болды.

Кейін бізге басқа салалардағы компаниялар да қызығушылық таныта бастады. Олардың арасында мысалы интернет-провайдерлер болды. Олар өзінің және бәсекелестерінің қызметтері туралы пікірлерді талдау үшін пайдаланғысы келді. 

Сондай-ақ сату бөлімдері клиенттермен байланыстарды бақылап, KPI көрсеткіштерін жақсарту, ал ақпараттық қауіпсіздік қызметтері жұмыс чаттарындағы болу мүмкін бұзушылықтарды анықтау үшін біздің жүйеге қызықты. Осылайша ішкі және клиенттік жұмыс чаттарын талдауға арналған Chat Insider AI жасанды интеллект технологиясы дүниеге келді.

Стартаптың басты ерекшелігі неде?

Біздің негізгі артықшылықтарымызды екі топқа бөлуге болады. Біріншіден, ірі корпорациялармен салыстырғанда бізде жылдамдық пен икемділік бар. Біз бизнес міндеттеріне тез бейімделе аламыз, сондықтан AI-талдауды енгізу үшін бізге ірі компаниялар да жүгінеді. Екіншіден, басқа стартаптармен салыстырғанда тәжірибе мен технология мол. 

Бізде қазірдің өзінде клиенттермен бірлесіп жиналған үлкен деректер жиынтығы бар. Бұл модельдерді жоғары дәлдікпен оқытуға мүмкіндік береді. Осыған қоса түрлі салаларға арналған салалық сарапшылармен әзірленген бизнес-әдістемелер жеткілікті. 

Бұдан бөлек, әрине, керемет команда. Біздің CTO бұрын «Яндекс», Samsung, Vision Labs компанияларында машиналық оқыту шешімдерін әзірлеген. Оның алгоритмдерінің бірі Ресейде қан кетуді анықтау бойынша №1 стартап болып, әлемдегі жетекші ML қауымдастығы саналатын CVPR-де жарияланған.

Бұл факторлар бізге технологиялық артықшылықпен қатар, клиенттердің бизнес-процестерін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Өнімді әзірлеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Басты қиындық – деректер және оларды дұрыс қолдану. Модельдерді оқыту үшін деректерді жинау, таңбалау және дайындау қажет, әйтпесе AI дұрыс жұмыс істемейді. Шикі деректерді нақты бизнес инсайттарына айналдыратын әдістемелерді әзірлеу керек.

Бұл мәселелерді клиенттермен және салалық сарапшылармен тығыз жұмыс істеу арқылы шештік. Соның нәтижесінде бизнеске нақты пайда әкелетін өнім жасадық.

Chat Insider AI-дың болашаққа жоспары қандай?

Алдағы жоспарларымыз ауқымды. Атап айтсам, жаңа нарықтарға шығу және клиенттік базаны кеңейту үшін қосымша өнімдерді іске қосу, тек мәтіндік чаттарды ғана емес, қоңырауларды, бейнеқоңырауларды, электрондық пошталарды талдау, қолданушыларға қажетті инсайттарды сұраныс бойынша табуға көмектесетін AI-ассистентті (co-pilot) енгізу, компаниялар өз қажеттіліктеріне қарай мониторингті өздері реттей алатын талдау конструкторын іске қосу және біз бизнеспен бірлесіп теңшелетін шешімдер әзірлеу үшін серіктестік экожүйесін дамытқымыз келеді.

AI қолданудағы этикалық мәселелерге қалай қарайсыз?

Жасанды интеллект арқылы талдау жасау, әсіресе, жұмыс байланыстары тұрғысынан әрдайым сезімтал тақырып. Мәселен біз бірнеше қағиданы ұстанамыз, яғни AI адамдарды бақыламайды. Ол тек рұқсаты бар жұмыс чаттарын талдайды. Егер компания бұл хат-хабарларға қол жеткізе алатын болса, AI тек негізгі мәселелерді тезірек анықтауға көмектеседі.

AI – бұл құрал, шешім емес екенін түсіну маңызды. Ол деректерді жинап, оларды ыңғайлы форматта ұсынады, бірақ соңғы шешімді әрқашан адам қабылдайды.

Клиенттің көңілін табу – басты тренд. Мейрамханаларда даяшылар қонақтардың көңіліне қалай мән береді бизнес те өзінің клиенттері мен қызметкерлерінің көңіл-күйін солай ескеруі тиіс.

Біз «біреуді бақылаушы құрал» емес, коммуникацияны тиімді ететін көмекші жасаймыз.

Жоба қалай қаржыландырылады? Инвесторлар бар ма?

Бастапқы кезеңде Astana Hub-тан 5 000 000 теңге көлемінде грант алдық. Қазір инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз және бірнеше қормен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Ісіңізге сәттілік және сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы