Отандық құрылыс материалдарының нарықтағы үлесін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр

17 Қараша 2026, 10:21
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 17 Қараша 2026, 10:21
17 Қараша 2026, 10:21
111
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде құрылыс материалдарына ішкі сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өніммен қамтамасыз етіледі. Дегенмен жекелеген өнім түрлері бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Олардың қатарында жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық тақталар, композиттік және қаптама материалдары бар.

Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдары, жабдықтар мен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін беретінін айтты.

Құрылыс саласын дамыту жөніндегі ауқымды міндеттер отандық өндірісті және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін арттырумен қатар жүруге тиіс, – деді министр.

Осыған байланысты Халықтық құрылыс бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына қажеттілік айқындалып, оларды шығаратын жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізілмек.

Сондай-ақ құрылыс жобаларын іске асыру кезінде отандық материалдарды импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады. Бұл үшін қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпарат құрылыс саласының цифрлық жүйелерінде көрсетілуі тиіс.

Басты мақсат – алдағы үш жылда ауқымды құрылыс жұмыстары аясында ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80 пайызға дейін жеткізу, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Наверх