Отандық ғалымдар аллергияға қарсы жаңа дәрі әзірледі

Қазақстанда аллергияға қарсы жаңа препарат сыналып жатыр.

Бүгiн 2026, 11:24
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 11:24
Бүгiн 2026, 11:24
100
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстандық ғалымдар жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған жаңа отандық препаратты клиникалық сынақтан өткізіп жатыр. Қазір Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары әзірлеген PollenVax препаратының II кезеңдегі зерттеуі басталды.

Жусан аллергиясы - Қазақстандағы маусымдық аллергияның ең кең таралған түрлерінің бірі. Мамандардың мәліметінше, барлық тозаң аллергендерінің ішінде жусанға сезімталдық шамамен 30%-ды құрайды. Әсіресе Алматы қаласында бұл мәселе жиі кездеседі. Өйткені жусанның гүлдеу кезеңі шілдеден қарашаға дейін жалғасады. Осы уақытта мыңдаған адам мұрынның бітелуі, тоқтаусыз түшкіру, көзден жас ағу сияқты белгілермен күреседі.

Қазіргі емдеу тәсілдері көбіне аллергия белгілерін уақытша басуға ғана көмектеседі. Ал аллерген-спецификалық иммунотерапия ұзақ уақыт ем қабылдауды талап етеді. Кей жағдайда науқастар бірнеше жыл бойы терапия алуға мәжбүр болады,- дейді мамандар.

Осы мәселені шешу мақсатында қазақстандық ғалымдар PollenVax атты жаңа иммундық терапиялық препарат әзірлеген. Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Ғалымдардың айтуынша, препарат жусан тозаңы аллергенінің рекомбинантты ақуызы негізінде жасалған. Оның басты ерекшелігі - емдеу курсының қысқалығы. Терапия аптасына бір рет жасалатын төрт теріасты инъекциясынан тұрады.

Бұған дейін препараттың I кезеңдегі клиникалық зерттеуі аяқталған. Оған 30 ерікті қатысқан. Нәтижесінде препараттың қауіпсіз екені және адам ағзасына жақсы қабылданатыны анықталған. Сонымен қатар зерттеу барысында аллергенге қарсы антиденелердің түзілгені және аллергиялық сезімталдықтың төмендегені байқалған.

Қазір ғалымдар II кезеңдегі клиникалық сынақты бастап кетті. Зерттеуге жасы 18 бен 65 жас аралығындағы 138 пациент қатысады. Олардың барлығында жусан тозаңынан туындаған аллергиялық ринит диагнозы расталған. Сынақ рандомизацияланған, қос соқыр және плацебо-бақыланатын форматта өтеді. Қатысушылар 180 күн бойы бақылауда болады.

Ғалымдардың сөзінше, егер зерттеу сәтті аяқталса, бұл отандық биофармацевтика саласы үшін үлкен жетістік болуы мүмкін. Сонымен қатар маусым сайын аллергиядан қиналатын мыңдаған адам үшін жаңа мүмкіндікке жол ашылады.

Наверх