Отандық көліктер халыққа тиімді шартпен ұсынылуда

22 Қазан 2019, 15:14
12627
Бөлісу:
Отандық көліктер халыққа тиімді шартпен ұсынылуда

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елімізде 21 электромобиль тіркелген.

Көліктің бұл түрі әдеттегідей сұранысқа ие болмай тұр, оған бағасының қымбаттығы себеп. Электромобиль кең тараған елдерде оның сатылымы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл туралы Қазақстанның "КазАвтоӨндіріс" автомобиль саласы кәсіпорындары одағының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян Алматыда өткен брифинг кезінде айтты.

Жиын барысында ол Қазавтоөнеркәсіптің ішкі нарықтағы үлесі 47,3% - дан 57,3% - ға өскенін айтып өтті.

"Қазақстандық автокөліктер сатылымының шарықтау шегі 2014- 2015 жылдары орын алды. Ол кезде жылына 150-160 мың көлік сатылатын. Кейін валюталық айырмашылықта өзгерістер болып, халықтың сұранысы төмендеп кетті. Жыл соңына дейін 70-75 мың автокөлік сатылады деп жоспарлап отырмыз, бұл дағдарысқа дейінгі деңгейдің жартысы ғана. Дегенмен қайтадан бұрынғы қалыпқа келе жатырмыз", - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу бойынша биыл 2824 бірлік жеңіл көлікке тапсырыс түскен, бұл 18 млрд теңгенің өнімі екен. Сондай-ақ, көліктерді жеткізушілер тарапынан заңбұзушылықтар болғанын айтты.

"Мәселен, орман шаруашылығына Ресейде жасалған УАЗ көліктері алынған, мұндай көліктер Өскемен қаласында да өндіріледі. Тендер жариялаған комиссия оны қалай мақұлдағаны белгісіз. Кейін мұндай олқылықтар түзетілді", - дейді Артур Мискарян.

Мемлекеттік мекемелер көбінде жол талғамайтын Lada 4х4 көліктерге тапсырыс береді екен. Жыл басынан бері мұндай 745 көлік сатып алынған. Екінші орында Shkoda oktavia маркалы көлігі тұр.  

Сөз арасында ол Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден ұсталған көліктерді сатып алу әлі де жалғасып жатқанын жеткізді.

"Елімізде шетелдік нөмірмен кірген көліктерге 1 жыл жүруге рұқсат береді, алайда тәжірибе көрсеткендей олар жол ережелерін көп бұзады. Яғни, біздің азаматтар Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден ұсталған көліктерді сатып алып, осында тебеді және салық пен айыппұлдар төлеуден жалтарады. ҚР Ішкі істер министрлігі мен депутаттар күзде бұл мәселе шешіледі деген, сондықтан олардың қандай шешім шығаратынын күтуге тура келеді", - дейді ол.  

Сондай-ақ ол, жыл басынан бері Қырғызстан мен Тәжікстанға отандық автокөліктер азда болса экспортталғанын айтты. Экспорттың ең жоғарғы көрсеткіші 2017 жылы болған, ол кезде "Азия авто" ЖШС Қытайға 1300 көлікті шығарған. 

Артур Мискарян шетелде өндірілген көлік пен бізде құрастырылған автокөліктің еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Бағасы да бір деңгейде, алайда өзімізде өндірілген көлікті халық жеңілдетілген несиемен ала алады. 

"Бұл өте тиімді ұсыныс. Өткен аптадан бері Ұлттық банк автокөлікті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қосылды. Бұған дейін екінші деңгейлі банктер арасында 14,5 млрд теңгенің траншы бөлінген болатын, жыл соңына дейін тағы 5,5 млрд теңге бағытталмақ. Бұл нарықта отандық көліктердің сатылымын тұрақтандырып, олардың сатылымын бұрынғы қалпына келтіруде үлкен маңызға ие болып отыр", - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы