Қостанайда жылына 100 мыңнан астам бұйым шығаратын фабрика бар

17 Сәуір 2020, 19:18
1401
Бөлісу:
Қостанайда жылына 100 мыңнан астам бұйым шығаратын фабрика бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай фабрикасы жылына күрткелер, белсенді демалысқа арналған киімдер мен мектеп формалары секілді 100 мыңнан астам бұйым шығарады.

Қостанай өңіріндегі "Большевичка" фабрикасы ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты мемлекеттік органдарға, "Самұрық Қазына" АҚ еншілес компаниялары, коммерциялық ұйымдар мен өңір тұрғындары үшін киім тігуге мамандандырылған. Фабриканың өндірістік қуаты жыл сайын артып келеді. Мысалы, қазір "Большевичка" жылына 100 мыңнан астам өнім шығарады, ал компанияның айналымы 2018 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсті.

Сондай-ақ, кәсіпорында кеудешелер, күртешелер, белсенді демалуға арналған киім, балық аулау, аң аулау және маусымдық күртешелер шығарылады. Тауардың сапалы әрі бағасының қолжетімді болуы маңызды. Бүгінгі таңда көп адам отандық өндірушіні таңдайтынын ескерсек, "Қостанайда жасалған" бренді қайта таныла бастағанын айтуға болады.

Ал қазіргі уақытта фабрика негізгі өндірістен бөлек, қорғаныс бетперделерін тігумен айналысады. Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап фабрикада 200 мыңнан астам бетперде шығарылды. Ол жергілікті дәріханалар мен ауруханаларға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдеріне жіберілді. Сонымен қатар, зауыт қызметкерлері жергілікті тұрғындарға 10 мыңнан астам бетперде таратты.
Өзгелердің жаңалығы