Өскеменде "Көктемгі сыйлықтар" көрмесі ашылды

7 Наурыз 2024, 18:28
361
Бөлісу:
Өскеменде "Көктемгі сыйлықтар" көрмесі ашылды

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының көрме залында Халықаралық әйелдер күніне арналған көрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Altainews.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстағы қолөнер шеберлерінің шығармашылығын арқау еткене көрмеде көз қуантар дүние көп. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын бұйымдардың да қатары көп, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталған көрмеге Өскеменмен қатар Алтай, Шемонаиха қалаларынан және Ұлан, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан, Самар, Күршім, Глубокое аудандарынан келіп қатысқан шеберлердің бұйымдары қойылған. Әсіресе, көрме залында өнерге деген көзқарасы өзгеше жас шеберлердің болғаны көпшілікті қуантты. Өйткені өркениет көші ұлттық құндылықты ұмыттырып бара жатқандығы жасырын емес. Сондықтан да қолөнерді дәріптеп, оны дамытудың және насихаттаудың маңызы зор.

Биылғы жылы бұрын-соңды болмаған 300-ге жуық бұйымдар мен кәдесыйлардың түрін облысымыздың шеберлері көрмеге әкеліп қойды. Олардың көпшілігі киіз бен матадан жасалған бұйымдар. Мысалы, модельдік заманауи киімдер, паннолар мен картиналар, киіз үй көріністері мен безендірілуі, қабырға, еден кілемдері мен текеметтер көрмеге қойылды. Сондай-ақ, тастан, күмістен жасалған кәдесыйлар, танамоншақтардан жасалған әшекейлер де көрменің көркін келтіріп, бағасын асырып тұр. Ал саздан жасалған халықтық ойыншықтар, қайың қабығынан, қоғадан және былғарыдан жасалған кәдесый бұйымдары, фомеран, джинсы сөмкелер мен косметикалық сөмкелер, гүл композицияларын да көпшілік көрмеден қызыға тамашалап, қуанып қайтты. Бұл көрме нәзік жандылардың мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Бұл көрмедегі сыйлықтар сатылады, мерекеге орай сыйлық алам дегендерге таптырмас мүмкіндік, – дейді музей қызметкері Жадыра Рахатова.

Көрменің ашылу салтанатына көрнекті өнер өкілдері мен шығармашыл жастар қатысып, әртараптан жиналған көпшілік қауым тамашалады. Бұл жолы өз бұйымдарын көрмеге шығарған шеберлердің де қатары көп болды. Ағаштан жасалған кәдесыйлардың барлығы да мереке қарсаңында таптырмас сыйлық екені көрініп тұр. Тек, өнердің құндылығы мен құнын білсеңіз болғаны. Әсіресе ұлттық киім үлгісін насихаттауға арналып жасалған жастықтарды жұрт қызыға тамашалады. Әр жастыққа ұлттық киім киген жастардың суреті салыныпты.

Біз әрдайым жастарға ұлттық құндылықты насихаттаудың жолын қарастыруымыз керек. Осы мақсатта ұлттық киім киген қазақтың ұл-қыздары бедерленген жастықтарды көрмеге алып келдік. Сондай-ақ заманауи сәукеле мен тақия түрлерін де тігіеміз және сатылымға шығарамыз. Негізгі мақсатымыз қазақтың ұлттық киімін насихаттау, ұрпаққа үлгі ету. Көптеген шәкірттерім бар, олардың жасаған бұйымдарын да көрмеге шығарамын, – дейді қолөнер шебері Айжан Үмбетова.

Өзгелердің жаңалығы