Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігі Құрылтай депутаттарының сайлауына 47 кандидаттан тұратын партиялық тізім ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олардың барлығы Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкес келеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов мәлімдеді.
Оның айтуынша, партия Орталық сайлау комиссиясына заңнамада көзделген барлық қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырған.
Комиссияға Қазақстанның “Байтақ” жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімімен бірге съезд хаттамасының үзіндісі, кандидаттардың келісімдері, өмірбаяндық мәліметтері, партия мүшелігін растайтын құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың көшірмесі, кандидаттар мен олардың жұбайларының активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғанын растайтын анықтамалар және өзге де қажетті құжаттар ұсынылды, – деді Азамат Айманақұмов.
Ол Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда нақты белгіленгенін атап өтті.
Құрылтай депутаты болып сайлану үшін азамат Қазақстан Республикасының азаматы болуы, ел аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұруы және 25 жасқа толған болуы тиіс. Сондай-ақ заңда көзделген өзге де шектеулер сақталуы қажет, – деді комиссия мүшесі.
Айманақұмовтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының сұрауы негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар барлық кандидаттарға қатысты тексеру жүргізген.
Қазақстанның “Байтақ” жасылдар партиясы 47 адамнан тұратын партиялық тізім ұсынды. Уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген тексеру нәтижесінде партиялық тізімге енгізілген барлық кандидаттың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкес келетіні анықталды, – деді ол.
Сонымен қатар партиялық тізімде заңда көзделген квота да сақталған.
Партиялық тізімдегі 18 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады. Бұл жалпы тізімнің 38,3 пайызын құрайды. Осылайша заңда белгіленген квота толық сақталған, – деді Азамат Айманақұмов.
Сондай-ақ ол «Байтақ» партиясының алдыңғы Мәжіліс сайлауындағы нәтижесіне байланысты сайлау жарнасының жеңілдетілген тәртібі қолданылатынын айтты.
Қазақстанның “Байтақ” жасылдар партиясы VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының сайлауында 2,13 пайыз дауыс жинаған. Осыған байланысты партия сайлау жарнасының 70 пайызы мөлшерінде жарна төлейді, – деді ОСК мүшесі.