Орынбасаров Үкіметке еліміздің аумақтық даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды

5 Желтоқсан 2024, 17:51
262
Бөлісу:
Орынбасаров Үкіметке еліміздің аумақтық даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Үкіметте еліміздің аумақтық-кеңістіктік дамуына қатысты бірыңғай стратегиялық көзқарас әзірге қалыптасқан жоқ, шикізат ресурсының экспортына тәуелділік әлі де жоғары деңгейде, өңірлердің дамуы біркелкі емес, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Сенатор Бекбол Орынбасаров өзінің депутаттық сауалында осы және өзге де экономикалық мәселелер туралы айтты.

Соңғы он жылда Қазақстан экономикасында айтарлықтай өзгерістер болды. Абсолютті мәндегі ЖІӨ-нің өсуіне қарамастан, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің төмендеуі және еңбек өнімділігі, сондай-ақ шикізат ресурсының экспортына тәуелді болудың артуы сияқты жағымсыз тенденция байқалып отыр. Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы экспорт доллармен есептегенде тиісінше 2,2 және 8 есеге қысқарды. Шикізатқа тәуелділіктің жалғасуы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді, - деп атап өтті депутат.

Сенатор ұзақ мерзімді кеңістіктегі даму стратегиясын енгізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл құжат өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, аумақтардың тепе-тең түрде дамуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтты. Ол сонымен қатар стратегиялық жоспарлау тәсілдерін жаңғырту, үдерісте цифрлық технологияны кеңінен пайдалану және орталық пен өңірлер арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттігін жеткізді.

Қазақстанның аумақтық-кеңістіктік даму стратегиясын әзірлеу қажет. Бұл құжат өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жүйелі және ғылыми негізделген болуы тиіс. Сонымен қатар, стратегиялық мақсаттарды тиімді және үйлесімді орындау үшін барлық мемлекеттік құрылымдар күнделікті пайдаланатын цифрлық платформа құру керек. Сондай-ақ аумақтық-кеңістіктік дамуды зерттеу жөніндегі кеңес құрылуы тиіс. Бұл шаралар Қазақстанға қазіргі сын қатерлерді еңсеруге және ұзақ мерзімді перспективада орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Орынбасаров.

Депутат ұсынған шараларды іске асыру шикізатқа тәуелділікті төмендетуге, өңірлер арасындағы даму теңсіздігін жоюға және Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді тұрақты өсуіне негіз қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы