Орташа зейнетақы 120 мың теңгеден асты

24 Маусым 2023, 10:36
8176
Бөлісу:
Орташа зейнетақы 120 мың теңгеден асты
Фото: Артём Чурсинов - архив

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 374,1 млрд теңге қаржы зейнетақы төлеуге бөлінді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 421,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 952,2 млрд теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жазды.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 299 мың адам.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 743 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 881 теңге, базалық зейнетақы – 37 862 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді, - делінген ақпаратта.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Өзгелердің жаңалығы