- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ортақ тарихтан ортақ мүддеге: Түркі әлемінің болашағы талқыланды
Ортақ тарихтан ортақ мүддеге: Түркі әлемінің болашағы талқыланды
4 Қыркүйек 2026, 12:48
Түркі әлемінің болашағы тек тарихи және мәдени жақындыққа емес, нақты экономикалық жобаларға, көлік дәліздеріне, технологиялық ынтымақтастыққа және ортақ зияткерлік кеңістікке сүйенуге тиіс. Астанада өткен «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік жиында ғалымдар мен дипломаттар түркі интеграциясының мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиын 2026 жылғы 29-30 қазанда Анкара қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XIII ресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылды.

Сарапшылардың пікірінше, халықаралық жүйедегі өзгерістер Түркі мемлекеттеріне жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Алайда оны тиімді пайдалану үшін саяси мәлімдемелермен шектелмей, нақты әрі нәтижелі ортақ жобаларға көшу қажет.
Ерекшеліктеріміз – әлсіздік емес, күш
Жанат Момынқұлов Түркі әлеміндегі мемлекеттер мен қоғамдардың біркелкі еместігіне назар аударды. Оның айтуынша, елдердің саяси жүйесі, сыртқы саясаттағы ұстанымы, қауіпсіздік саласындағы басымдығы мен геосаяси ортасы әртүрлі болғанымен, бұл ортақ болашақ құруға кедергі болмауға тиіс.
Түркия Таяу Шығыс елдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар Еуропалық одақпен ықпалдасып, НАТО мүшесі ретіндегі міндеттерін атқарады. Қазақстан болса, өзге халықаралық ұйымдармен қатар Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Кейінгі соғыстар мен қақтығыстарға қатысты көзқарастарымыз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бұл ортақ болашаққа бірге қадам баспаймыз деген сөз емес. Керісінше, ерекшеліктеріміз – біздің байлығымыз әрі күшіміз, – деді ол.
Сарапшы Түркі әлемінің интеграциясына шынайы әрі прагматикалық тұрғыдан қарау қажеттігін айтты. Қытай мен АҚШ арасындағы бәсеке, қарулы қақтығыстар, көлік бағыттарындағы тұрақсыздық және жаңа технологиялардың дамуы мемлекеттерді уақытты тиімді пайдалануға мәжбүрлеп отыр.

Оның пікірінше, Түркі мемлекеттері экономикалық, технологиялық, логистикалық және адами ресурстар саласындағы мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыруы қажет.
Жанат Момынқұлов Орталық Азияның критикалық минералдарға, уранға, мұнай мен басқа да табиғи ресурстарға бай екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірдің Үндістанмен, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен және өзге де серіктестермен байланысы тек шикізат экспортымен шектелмей, өндіріс пен технологиялық кооперация деңгейіне көтерілуге тиіс.
Ортақ әліпби ортақ пікір қалыптастыра ала ма?
Түркітанушы Талғат Молдабаев Түркі әлемінің интеграциясын бірін-бірі толықтыратын екі бағыт аясында қарастыруды ұсынды. Біріншісі – экономикалық және стратегиялық, екіншісі – мәдени, тілдік, рухани және зияткерлік интеграция.
Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері арасындағы саяси байланыстар нығайып, сауда, көлік, энергетика, қорғаныс, технология, білім және мәдениет салаларында жаңа ынтымақтастық тетіктері қалыптасып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының дамуы да бұл байланыстың тек экономикалық қатынастармен шектелмей, көпжақты әрі институционалдық сипат алғанын көрсетеді.

Алайда түркітанушының пікірінше, интеграция тек экономикалық мүддеге негізделмеуі керек. Оның астарында ортақ тарих пен мәдени құндылықтар жатуға тиіс.
Ортақ тарих барлық түркі халқының тарихы біртұтас әрі бірдей дегенді білдірмейді. Ол ортақ саяси мәдениетті, діни және жазба мұраны, географиялық қозғалыстарды, экономикалық және сауда қатынастарын, құндылықтар мен мәдени дәстүрлерді қамтиды. Осы мәселелерді академиялық деңгейде бірлесе зерттеп, халыққа жеткізу арқылы байланыстарымызды нығайта аламыз, – деді Талғат Молдабаев.
Ғалым тарихи кезеңде түркі халықтарының басым бөлігі араб графикасына негізделген әліпбиді қолданғанын еске салды. Оның айтуынша, ортақ әліпби халықтардың бір-бірін түсінуіне және ортақ зияткерлік кеңістіктің қалыптасуына жол ашады.
Бір-біріміздің жазғанымызды түсінбесек, ортақ пікір қалыптаспайды. Ал ортақ пікірі жоқ халықтар ортақ іс атқара алмайды. Қазіргі әлемдік саясат жағдайында мықты болу үшін бізге қажет ең маңызды құндылықтардың бірі – бірлік. Латын әліпбиіне көшу қазіргі әлемге, ғылым мен академиялық кеңістікке ілесу үшін қажет қадамдардың бірі, – деді түркітанушы.

Шараға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің Қазақстанда қызмет атқарып жүрген дипломатиялық миссияларының өкілдері, мемлекеттік органдар мен сараптамалық-зерттеу институттарының басшылары және мамандары қатысты.
«Түркі әлемінің алдында тарихи мүмкіндік тұр»
Жиында сөз алған Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу қазіргі кезеңде геосаяси бәсекелестіктің күшейіп, әлемдік экономиканың негізгі орталықтары өзгеріп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, энергетика, көлік, цифрландыру, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі және жеткізу тізбектері мемлекеттердің болашағына тікелей әсер етіп отыр.
Осындай өзгерістер жағдайында Түркі әлемінің алдында тарихи мүмкіндік тұр. Еуропа мен Азияны жалғап жатқан кең аумақтағы жас әрі белсенді халқымыз, табиғи ресурстарымыз, өндірістік қуатымыз, энергетикалық әлеуетіміз және стратегиялық көлік бағыттарымыз Түркі әлеміне жаһандық жүйенің жаңа орталықтарының біріне айналуға мүмкіндік береді, – деді елші.
Сонымен бірге дипломат геосаяси және қауіпсіздік тәуекелдерін де ескеру қажет екенін айтты. Энергетикалық ресурстарға бай әрі стратегиялық дәліздердің бойында орналасқан Түркі әлемі өңірлік және жаһандық күштердің назарын барған сайын көбірек аударып келеді.

Мұстафа Капуджу 1992 жылы басталған ынтымақтастық үдерісі Түркі мемлекеттері ұйымының қалыптасуына және институционалдық тұрғыдан дамуына негіз болғанын атап өтті. Оның сөзінше, ұйым символдық бірліктің ғана емес, балама геосаяси көзқарастың да көрінісіне айналды.
Алдағы кезеңдегі мақсатымыз – Түркі мемлекеттері ұйымын тек пікір алмасатын алаң ретінде қалдырмай, нақты ортақ жобалар әзірлейтін, қабылданған шешімдері жүзеге асырылатын және нәтижесі қоғамға сезілетін қуатты ынтымақтастық тетігіне айналдыру, – деді ол.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясында қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты елдердің ортақ болашағын қалыптастыратын ұзақмерзімді бағыттарды айқындап отыр.
2040 жылға дейінгі кезеңдегі негізгі міндетіміз – ортақ бірегейлігімізді ортақ әлеуетке, ал сол әлеуетті халықтарымыздың әл-ауқатына, елдеріміздің тыныштығы мен өркендеуіне айналдыру, – деді Мұстафа Капуджу.
«Егемендік – интеграцияға кедергі емес»
Бүгінде Түркі әлеміндегі институттар мен платформалардың саны 120-дан асқан. Бұл туралы Каппадокия университетінің ректоры, ғылым докторы Хасан Али Карасар мәлімдеді.
Олардың қатарында ресми мекемелермен бірге азаматтық қоғам ұйымдары, сәулетшілер мен инженерлер палаталары, муниципалитеттер одағы, сауда палаталары және медиа саласындағы ұйымдар бар.
Бұл ұйымды құруға бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Оны өз еркімізбен құрдық. Мұндай ұйымды құратын уақыт жеткен еді. Ендігі негізгі мәселе – біз құрған құрылым мемлекеттеріміз бен қоғамдарымыздың әл-ауқатының артуына, өзара ынтымағы мен қуатының нығаюына қалай ықпал етеді деген сауал, – деді Хасан Али Карасар.
Ғалым Түркі әлемінің бүгінгі институционалдық құрылымын түсіну үшін ХХ ғасырдағы ауыр тарихи кезеңдерді ұмытпау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, тұрақты ынтымақтастық елдердің дербестігін шектеуге емес, олардың егемендігін өзара құрметтеуге негізделуі керек.
Түркі әлеміндегі тұрақты ынтымақтастық егемендіктен бас тарту арқылы емес, бір-біріміздің егемендігімізді құрметтеу арқылы ғана мүмкін болады. Интеграция мен бірігу жолында өз егемендігімізден, ерекшеліктерімізден және таңдауымыздан бас тартпауымыз керек. Егемендік – Түркі әлемінің бірігуіне кедергі емес. Керісінше, тең әрі тұрақты ынтымақтастықтың негізі, – деді ректор.

Ең оқылған:
- 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың зейнетақы жинағына қатысты не өзгереді?
- Астанада саяхатшы қыздың «ұрланған» велосипеді құрбысының үйінен табылды
- Димаш Құдайберген Президент сыйлаған тазысын көрсетті
- Ербол Мырзабосынов, Саясат Нұрбек: Екі министр тағайындалды
- Балалар әкесінен айырылып, 25 млн теңгені жоғалтқан: Өтемақы сот арқылы қайтарылды
Аида БАТУХАН