Қазақстандықтар телефон нөмірі арқылы кез келген банкке ақша аудара алады

 ©BAQ.KZ 17 Шілде 2026, 14:53
17 Шілде 2026, 14:53
90
Фото: ©BAQ.KZ

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов қазақстандықтарға банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аудару мүмкіндігі қолжетімді болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістерге сәйкес банктер ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының барлық сервисіне, соның ішінде банкаралық мобильді төлем жүйесіне қосылуға міндетті.

Бұл жүйе азаматтарға екі мүмкіндік береді. Біріншісі – телефон нөмірі арқылы ақша аудару. Яғни бір банктің қосымшасынан басқа банктің клиентіне оның телефон нөмірі арқылы қаражат жібере аласыз. Сервис былтырғы жылдың соңынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгін барлық банкті оған қосу жұмысы аяқталады, – деді Бинұр Жәленов Ұлттық банкте өткен брифингте.

Ол алдағы бірнеше сағат ішінде қазақстандықтар қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан, телефон нөмірі арқылы ақша аудара алатынын айтты.

Екінші мүмкіндік – бірыңғай банкаралық QR арқылы төлем жасау.

Оның жұмыс істеу тәртібі өте қарапайым. Банк қосымшасындағы QR бөлімін ашып, кез келген терминал арқылы төлем жасайсыз. Қолданушы үшін ештеңе өзгермейді. Кәсіпкерлерге қосымша бағдарлама жүктеудің немесе жаңа терминал орнатудың қажеті жоқ. Барлығы қолданыстағы инфрақұрылым арқылы жұмыс істейді, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Алайда сервисті пайдалану үшін кейбір банктің мобильді қосымшасын жаңарту қажет болуы мүмкін. Әр банк бұл жөнінде өз клиенттеріне жеке хабарлайды.

Бинұр Жәленовтің сөзінше, ірі банктер бірыңғай QR жүйесін іске қоса бастаған. Жаңа мүмкіндік кезең-кезеңімен барлық клиентке қолжетімді болады. Бастапқы кезеңде жекелеген банктердің жұмысында техникалық қиындықтар туындауы мүмкін.

Наверх