Орталық Азияның әйелдері зорлық-зомбылық туралы айтқысы келмейді – депутат

19 Маусым 2023, 10:07
1022
Бөлісу:
Орталық Азияның әйелдері зорлық-зомбылық туралы айтқысы келмейді – депутат
Фото: Артём Чурсинов

Орталық Азияның әйелдері зорлық-зомбылық туралы айтқысы келмейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Орталық Азия елдері әйелдері диалогының отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында Қазақстанның Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалығының ресми ашылуы өтеді.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан іс-шараның не мақсатпен өткізіліп отырғанын журналистерге түсіндіріп берді.

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы 2020 жылы БҰҰ-ның бастамасымен құрылған болатын. 2021 жылы оған Өзбекстан, 2022 жылы Түркіменстан төрағалық етті. Биыл төрағалық Қазақстанға өтті. Біздің басты мақсаттарымыз – БҰҰ-ның мақсаттарымен сәйкес келеді. Біріншіден, қазіргі геосаяси күрделі заманда әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтуға қатысуы. Қазақта «әйелдер тату болса, көршілер де табу болады» деген жақсы сөз бар. Сондықтан Орталық Азиядағы әйелдер өзара тату болып, бірігіп жобаларды іске асырсақ, өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесі болады деп ойлаймын, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, жиында әйелдердің экономикаға, саясатқа, жалпы барлық салаға белсене қатысуы да талқыланады. Бұл әсіресе, Тәжікстан үшін маңызды.

Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық мәселесі де көтеріледі. Пандемия кезінде зорлық-зомбылық өршіп кетті. Бұл туралы Орталық Азияның әйелдері сөйлегісі келмейді. Бұл табу сияқты. Ол тақырыпты көтергісі келмейді. Бірақ оны көтеру керек. Елімізде жантүршігерлік жаңалықтарды көріп, естіп жатырмыз. Әйелін, баласын өлтірген адамдар бар, - деп айтты Айгүл Құспан.

Айтуынша, диалогта талқыланған мәселелерді депутаттар заңнамаға енгізу үшін жұмыс істейді.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшелері, Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан парламенттері палаталарының спикерлері, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген парламентшілер, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысып жатыр.

Жиында Қазақстан Республикасының Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалығы ресми басталады.

Қатысушылар диалогтың 2023 жылға арналған мақсаттары мен міндеттерін айқындайды, жылдық жұмыс жоспарын талқылайды және бекітеді. Сонымен қатар Ұлттық комиссия ұйымдастырған «Әйелдердің жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытудағы рөлі» тақырыбында тақырыптық сессиясы өтеді.

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы – өңірдегі әйел парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң.

Диалог 2020 жылғы желтоқсанында ресми түрде өз жұмысын бастаған. Осыған дейін диалогқа Өзбекстан (2021 жылы) және Түрікменстан (2022 жылы) төрағалық етті. Диалог БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы (ОАПДӨО), БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен құрылды және қызмет етіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы