Қазақстанның Орталық Азиядағы мұнай өндірісіндегі үлесі шамамен 88 пайызға жеткен. Айбар Олжай италиялық Eni компаниясының World Energy Review 2026 есебіндегі деректерге тоқталып, елдің энергетикалық әлеуеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, күнделікті қымбатшылық, қоғамдық дау мен тұрмыстық мәселелер арасында ел экономикасының ауқымын байқамай қалатын кездер болады. Дегенмен қиындықтарды мойындай отырып, Қазақстанның өңірдегі экономикалық салмағын да бағалай білу қажет.
Кейде күнделікті қымбатшылық, қоғамдық дау мен тұрмыстық мәселелердің арасында өз еліміздің экономикалық ауқымын байқамай қаламыз. Қиындықтарымыз бар, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ Қазақстанның өңірдегі салмағын да орнымен бағалай білуіміз керек, – деді Айбар Олжай.
Ол Италияның ірі энергетикалық компаниясы Eni жариялаған World Energy Review 2026 есебінде Қазақстанға қатысты назар аударарлық көрсеткіштер бар екенін айтты. Биыл 25 жылдығын атап өткен шолудағы негізгі деректердің бірі – Қазақстанның Орталық Азиядағы мұнай өндірісіндегі үлесі.
Орталық Азиядағы мұнай өндірісінің шамамен 88 пайызы біздің үлесімізде. Өңірдегі бес мемлекет өндіретін әрбір жүз баррельдің сексен сегізі Қазақстаннан шығады. Бұл жай ғана бірінші орын емес, өндіріс ауқымы жағынан үлкен басымдық, – деді ол.
Айбар Олжай келтірген мәліметке сәйкес, есептің әдістемесі бойынша газ сұйықтықтарын қоса алғанда, 2025 жылы Қазақстанның тәуліктік мұнай өндірісі 2,098 миллион баррельге жеткен. Бір жылдағы өсім 11,8 пайызды құраса, он жылдағы өсім 24 пайызға жуықтаған. Оның пікірінше, мұндай көлем Қазақстанның әлемдік энергия нарығындағы орнын айқындайды.
Ол мұнай өндірісінің тұтас экономикаға әсеріне де тоқталды. Саланың айналасында көлік, құрылыс, сервистік компаниялар мен инженерлік қызметтер дамып, мыңдаған жұмыс орны қалыптасады.
Мұнай дегенде бұл кен орнындағы ұңғыма ғана емес. Оның айналасында көлік, құрылыс, сервистік компаниялар, инженерлік қызмет, мыңдаған жұмыс орны бар. Экспорттан түскен валютаның теңге бағамына, бюджетке, Ұлттық қорға ықпалы бар. Сондықтан өндірістің осындай ауқымы тұтас экономиканың мүмкіндігіне әсер етеді, – деді Айбар Олжай.
Оның назар аударған тағы бір көрсеткіші жел энергетикасына қатысты. Eni салыстырмалы дерек келтірген өңір елдерінің арасында Қазақстанның жел электр станцияларының белгіленген қуаты 1 909 МВт, ал Өзбекстанда 1 652 МВт болған.
Мұнда сөз өндірілген электр көлемі туралы емес, орнатылған қуат туралы болып отыр. Дәстүрлі энергетикадағы тәжірибемізбен қатар, жаңа бағыттағы өндірістік негізіміз де қалыптасып келе жатқанын осыдан көруге болады, – деді ол.
Айбар Олжайдың пікірінше, Қазақстанның қолында келесі даму кезеңін қаржыландыруға мүмкіндік бар. Ендігі міндет – энергетикадан түсетін табысты экономиканың өзге бағыттарын дамытуға жұмсау.
Энергетикадан түсетін табысты өңдеу өнеркәсібіне, сенімді электр желілеріне, білімге және технологияға айналдыра алсақ, бүгінгі басымдығымыз ұзақ мерзімді нәтижеге жұмыс істейді. Сондықтан еліміздің әлеуетін бағалағанда жетістікті көре білу маңызды. Одан кейін сол жетістікке сай талап қоя аламыз, – деді Айбар Олжай.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның мұнай өндіруден де, жел энергетикасынан да Орталық Азияда көш бастағанын хабарлаған болатынбыз.