Орталық Азия елдері зорлық-зомбылық мәселесін талқылауды бастады

4 Желтоқсан 2023, 10:30
511
Бөлісу:
Орталық Азия елдері зорлық-зомбылық мәселесін талқылауды бастады
Фото: Артём Чурсинов Мәжіліс баспасөз қызметі

Елордада БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылған Орталық Азия елдері әйелдер диалогының халықаралық конференциясы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конференция «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбына арналған.

Биыл Орталық Азия әйелдері диалогына Қазақстан төрағалық еткен болатын.

Жиынның ашылуында сөз алған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Өзбекстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Түрікменстан Республикасының делегацияларына Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына Қазақстан төрағалығының кезеңінде белсене қатысқаны үшін ерекше алғыс айтты. 

Сондай-ақ ол өңірдегі гендерлік теңдік мәселелерін көтеріп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының, сараптамалық қоғамдастық пен азаматтық сектор өкілдеріне арнайы ризашылығын жеткізді.

Бүгін Қазақстанның Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогына төрағалығы аясындағы қорытынды кездесуді өткізіп жатырмыз. Жыл бойы жемісті еңбек еттіңіздер. Инновациялар мен технологияларды дамытудың, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, климаттың өзгеруінің, терроризм мен экстремизммен күрестегі әйелдер мен жастардың рөлінің өзекті мәселелері жоғары позициялардан көтерілді. Бұл өте маңызды тақырыптар, - деді Мәжіліс спикері.

Қошанов атап өткендей, бүгінгі күн тәртібінде ешкімді бей-жай қалдырмайтын маңызды мәселе – гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу.

Соңғы кездері бұл мәселе тек біздің өңірде ғана ауқымды сипатқа ие болып отырмағанын мойындауымыз керек. Бұл - бүкіл әлемдегі жаһандық мәселелердің бірі. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл әлеуметтік дертпен күресу үшін әлемнің 155 елі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдады. Орталық Азия елдері де шет қалмайды, - деп айтты Ерлан Қошанов халықаралық конференцияда.

Өзгелердің жаңалығы