Орталық Азия елдері туберкулезді жоюға арналған бастама көтерді

7 Сәуір 2025, 18:23
601
Бөлісу:
Орталық Азия елдері туберкулезді жоюға арналған бастама көтерді
Фото: автордан

Орталық Азияның бес елі бірігіп "Орталық Азия туберкулезден азат" бастамасын қолға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл бастама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы Орталық Азиядағы бес мүше мемлекетпен және бірқатар мүдделі тараптармен әріптестікте 2030 жылға қарай субөңірдің барлық мемлекеттерінде туберкулезді, оның дәріге көнбейтін түрлерін қоса алғанда, жою процесін жеделдетуге арналған.

Орталық Азия елдері туберкулезді жоюға арналған бастама көтерді

Туберкулез және оның дәріге төзімді түрлері Орталық Азия үшін әлі де елеулі қауіп төндіріп отыр. Жыл сайын шамамен 35 мың жаңа жағдай тіркелсе, оның 8 мыңнан астамы дәріге төзімді формалар. Бұл жай ғана сандар емес. Әрбір санның артында адам тағдыры, отбасы және халқымыздың болашағы тұр, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Министр бұл бастама неліктен маңызды екенін де түсіндіріп өтті.

Біріншіден, бұл бастама тек медициналық емес, әлеуметтік, экономикалық және көші-қонға қатысты нақты мәселелерге жауап береді. Екіншіден, Орталық Азия өңірін тұтас бір қауымдастық ретінде нығайтады. Үшіншіден, бұл бастама техникалық көмектен бастап, цифрлық жаңашылдықтарға, кадр даярлауға, бастапқы медициналық көмек пен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге назар аударады, - деді министр.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлері мен жоғары лауазымды шенеуніктері бастаманы іске асырудың басталуын атап өту және бірлескен декларацияға қол қою үшін Астанада жиналды.

Орталық Азия елдері туберкулезді жоюға арналған бастама көтерді

Айта кетейік, Орталық Азияның бес мемлекетінің төртеуі дәріге көнбейтін туберкулез ауруы ауыртпалығы жоғары әлемнің 30 елінің қатарына кіреді. Осы елдердің үшеуінде дәріге көнбейтін туберкулез көрсеткіштері бұрын емделген пациенттер арасында 50%-дан асады және алғаш рет анықталған пациенттердің арасында 26-дан 34%-ға дейін өзгереді, бұл жаһандық ауыртпалығының төрттен бірін құрайды.

Біз қазір табысқа жетуге бұрынғыдан жақынбыз, бірақ соңғы кезеңнен өту оңай болмайды. Мұқтаж адамдарды диагностикаға, емделуге және халықты денсаулық сақтау қызметтерімен жалпы қамтуға саяси міндеттеме мен инвестициялар қажет болады. Орталық Азия бұл тапсырманы орындай алады деп сенемін. Біз барлық кезеңдерде қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге.

Өзгелердің жаңалығы