Орталық Азия елдері Аралдың жағдайын қалай жақсартып жатыр

28 Наурыз 2024, 12:07
288
Бөлісу:
Орталық Азия елдері Аралдың жағдайын қалай жақсартып жатыр
Фото: автордан

Аралды құтқару үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Экология министрі Ерлан Нысанбаев елордада өтіп жатқан халықаралық форумда түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1993 жылы Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық ұйымның құрылғанының бірден-бір себебі - Орта Азияның, оның ішінде Арал өңірінің экологиялық жағдайын қалпына келтіру және әр мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы жылдар ішінде бұл ұйым өзінің тұрақтылығын және қажеттігін дәлелдеді, - деді министр.

Соңғы екі жылда Қазақстан осы ұйымның аясында көптеген іс-шара өткізді. Соның бірі - Арал теңізіне қатысы бар мемлекеттермен бірігіп, Аралдың құрғаған жерінде сексеуіл отырғызу жобасы іске асырылды.

Сонымен қатар Тәжікстанда қалдықтармен күресу жөніндегі өңірлік орталық құрылды. Ол да үлкен жетістік деп санаймыз, - деді Нысанбаев.

Экология министрі Аралдың жағдайын жақсарту үшін жасалған ауқымды жобаның бірі - сексеуіл отырғызу болғанын атап өтті.

Сексеуіл отырғызу - ол үлкен жұмыс. Мысалы, Өзбекстан биыл 1 млн-нан астам сексеуіл отырғызды. Біз 900 мың гектардай ектік. Биыл 275 мың гектарға сексеуіл отырғызу жоспарда бар, - деп түсіндірді ол.

Министрдің сөзінше, еліміз көктемде 65 мың гектарға отырғызса, қалғанын күзде егеді.

Айта кетейік, Астанада Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық комиссияның отырысы өтіп жатыр.

Жиында Экология министрі Ерлан Нысанбаев 2022-2024 жылдарға арналған Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық ұйымның қызметі туралы есеп берді. Сондай-ақ министр ұйымға төрағалық ету өкілеттігін Қазақстан Республикасынан Тәжікстан Республикасына берді.

Іс-шараға Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан экология министрліктерінің өкілдері қатысып жатқанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы