Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар және Абай облыстарындағы орман өрттері кезінде мемлекеттік органдар бекіткен алгоритмнің орындалмағанын қатаң сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өрт сөндіру кезінде шұғыл әрекет етіп, тиісті күштерді жұмылдыру үшін жаңадан мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленген болатын.
Алайда биыл Павлодар және Абай облыстарында болған табиғи өрт бұл алгоритмнің орындалмай отырғанын көрсетті. Мысалы, Абай облысында орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктеріне өрттің шыққаны туралы тез арада хабар бермеген, – дейді Бектенов.
Ол Павлодар облысында да дәл осындай жағдай болғанын атап өтті.
Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктеріне осы екі өңірдегі өрттің шығу себептерін тексеріп, тиісті шаралар қабылдауды және кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырамын, – дейді Бектенов.
Еске сала кетейік, жазда өрт қаупі жоғары болатыны туралы осыған дейін жазғанбыз. Бектенов министрге қауіптің алдын алу керек екенін айтты. Экология министрі биыл жаздың қандай болатынын айтты.