Ормуз бұғазы бойынша келіссөздер: Иран АҚШ жауабын әлі талқылап жатыр

Тараптар арасындағы негізгі келіспеушіліктердің бірі – Иранның ядролық бағдарламасы.

 depositphotos.com 13 Қазан 2026, 00:30
13 Қазан 2026, 00:30
102
Фото: depositphotos.com

Иран АҚШ-тың Ормуз бұғазын қайта ашуға қатысты ұсынысына берген жауабын әлі қарастырып жатыр. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Багаидің айтуынша, Тегеран талқылау аяқталғаннан кейін Вашингтонға делдалдар арқылы жауап жолдайды. Сондай-ақ Иран өкілі тараптар арасындағы хабар алмасу делдалдар арқылы жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл үдерісте Қатар мен Пәкістан секілді елдер араағайындық жасап келеді.

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазын қайта ашу және келіссөздерге оралу жөнінде өз ұсынысын АҚШ-қа жолдаған. Кейін Тегеран америкалық тараптың жауабын алғанын растады. Алайда келіссөздер үдерісі әзірге ілгерілемей отыр.

Иранның қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды өкілі жексенбі күні АҚШ жауабы Тегеран ұсынған жеті шартты жеткілікті деңгейде ескермегенін мәлімдеді.

Тараптар арасындағы негізгі келіспеушіліктердің бірі – Иранның ядролық бағдарламасы. Вашингтон бұл мәселені келіссөздердің маңызды бөлігі ретінде қарастырса, Тегеран алдымен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге және су жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Соғысқа дейін әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ саудасының шамамен бестен бірі Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған. Сондықтан бұл бағыттағы жағдай халықаралық энергетикалық нарық үшін маңызды болып отыр.

Сонымен қатар Багаи Йемендегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, Тегеран дағдарысты диалог арқылы шешуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Иран Йемен мен Сауд Арабиясы арасындағы кез келген келісімді қолдайды.

Наверх