Қазіргі таңда өмірін орман қорғау жүйесіне арнап, осы салаға белсене кіріскен, ел байлығын қызғыштай қорып жүрген арулар аз емес. Кезекті сұхбат осы саланы дамытып, ер азаматтармен иық тіресіп еңбек етіп жүрген орманшы Венера Танашева жайында болмақ.
Жауапкершілігі мол, күрделі жұмыстардың қатарына орманшы мамандығы кіреді. Көпшілігіміз «лесхоз» атты мекеменің бар екенін білгенімізбен, олардың күнделікті жұмыс барысынан бейхабар екеніміз рас. Ал ондағы мамандардың қандай жауапкершілік артып жүргені көпшілікке беймәлім. Жалпы Қазақстан – орманы аз ел. Бүкіл ел аумағының ағашты өлкесі небәрі 5 пайызға жуықтайды. Сондықтан жасыл желекті аялап, көбейту қажет. Ал бұл міндет орманшылардың еншісінде. Қазіргі таңда өмірін осы салаға арнап, ел байлығын қызғыштай қорып жүрген арулар аз емес. Кезекті сұхбат осы саланы дамытып, ер азаматтармен иық тіресіп еңбек етіп жүрген орманшы Венера Танашева жайында болмақ.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл ормандарды және жанауарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде орман қорының жалпы көлемі – 125 787 га аумақ бар. Бүгінде мекеме қарауында «Бескепе», «Қызылқайнар», «Қала маңы», орманшылығы жатады. Аталған мекемелерді күтіп ұстау, қорғау жұмыстарына жалпы саны 53 маман тартылған. Олардың төртеуі инженер, үш аға орманшы, бір аға орманшы, екі орман шебері, тоғыз орманшы-қорықшы. Бүгінде бұл сала мамандары қызметтік киімдермен, куәліктермен, айналым карта сызбасымен, көлікпен және өртке қарсы техникамен толық қамтамасыз етілген. «Қала маңы» орманшылығының басшысы Венера Танашева мекемеде 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Юастапқыда өз кәсібін орманшыдан бастаған нәзік жандық қайсар жан сатылы өсіп, орман шеберінен кейін бір орманшылықтың басшысы жауапкершілігінде. Ерекше мамандықты таңдауының басты себебін табиғатқа деген сүйіспеншіліктен басталды дейді. Бала кезінен қоршаған ортаға немқұрайлы қарамауды, түрлі жеміс ағаштары мен әсем гүлдерді өсіруді сүйікті ісі болғандықтан басқа кәсіпті жөн көрмей өз таңдауы бойынша осы саланы таңдаған. Бүгінде мекемедегі санаулы нәзік жандылардың қатарын толықтырып жүрген маман талай жастардың оы іске келуіне, дағдылануына, білікті маман болуына септігін тигізді. Ерекше кәсіп иесін сөзге тартқанымызда орманшы болу оңай емес. Қиындығы басым екенін айтып, бұл іске тек өз мамандығын шынайы сүйетіндер келетінін айтты.
Иә, расында көпшілік Жамбыл облысының өзінде де орман шаруашылығы барынан бейхабар. Орман тек солтүстік өңірлерде болады деп елестетеді. Мен, кездескен жандарға өз жұмысымды түсіндіріп, орманшылардың қорғауындағы алқаптарды таныстырудан жалыққан емеспін. Әрине, қиын мамандық, уақытпен санаспайды. Бұл салаға тек төзімді, сабырлы, табиғатты аялай алатын адам ғана барады. Өйткені біз, апталап отбасынан жырақта жүріп бақылауымыздағы ағаштарды, алқаптарды қорғауға, олардың жылдан-жылға жасыл желекке бөленуіне барынша атсалысамыз. Біздің еңбектің ең қызатын сәті, көктем мен жаз мезгілдері. Ерте көктемде аға отырғызып, оларды жаз бойы күтіп ұстаймыз. Тілсіз жаудан сақтау үшін күні-түні орманшылықтарды бақылауда ұстаймыз. Жалпы орманшылық қызметтің басты мақсаты – орман шаруашылығын дамыту, орманды молықтыру, өрттен, заңсыз ағаш кесуден, мал жаю, шабындық жерлерді шабудан қорғау. Орман шаруашылығы мекемесі күнделікті жұмыс барысында табиғатты қорғау, орман қорын күзету жұмыстарымен қатар оның қорын молайтып, өсірумен айналысады.
Күнделікті жұмыс кестесі бас орманшы бекіткен кестеге сай, тәуліктің қай сағаты болмасын орманшылық аумағын аралап, қорғауға алынған аумақта табиғат қорғау заңнамасының бұзылмауын жіті қадағалаумен өтетін қайсар жан үйінде отан анасы. Жолдасы екеуі ұл-қыздарын өсіріп, қарбаластан шыға салысымен немересін көруге асығады. Ал орман өмірімнің бір бөлшегі дейді. Қалай күтсең, сондай нәтиже беретінін де баса айтты. Венера Танашева орман қорғаудан басқа, орман зиянкестері мен ауруларының таралуына жол бермеу, белгілеп өлшеу, жаңа ормандарды отырғызу және әлсіз екпелерге күтім жасау міндеттерінің барлығы тиянақты атқарады. Тындырымды тірлігі үшін сала маманы талай марапат пен зор құретке бөленді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» атты Қазақстанның еңбек әйелдерінің форумында оның есімі ерекше аталып, мерейін үстем еткен-ді. Халықаралық еңбек ұйымы мен, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада орманшының еңбегі ерекше аталып, еңбек адамының үлгісін көрсетті. Ол бұл жетістігін, осыншама жыл еңбегінің, жұмыстағы әріптестерінің қолдауы мен отбасындағы жылулық, тұрақтылық дейді.
Менің өмірлік ұраным салауатты өмір салты. Дені сау адам болу үшін өзіңді жаман нарседен тию жеткіліксіз. Ең бірінші адам өзінің ортасының тазалығына мән беруі керек. Ауаның ластануының өзі бізге зияны көп. Ал одан құтылудың бірден-бір жолы туған жерімізді жасыл желекке бөлеу. Мен осы бағытта еңбек етіп, үлес қосып жатқаныма мақтанамын. Өйткені, менің жауапкершілігімде болашақ ұрпақ үшін табиғи байлықты сақтау міндеті жүктелген. Жалпы табиғатқа сүйіспеншілікпен және құрметпен қарау әр адам үшін маңызды, өйткені біз де табиғаттың бір бөлігіміз. Бірақ, кейбір жандар мұны түсінбей жатады. Олар орман ішіне таза ауамен демалуға келеді. Алайда, өздерімен ала келген қоқыстарын жинамайды. Тіпті кейбіреулері жаққан оттарын сөндірмей кетеді. Осының салдарынан орманда қызыл жалын жиі бас көтереді. Ал тілсіз жаумен күресу өте қиын. Әсіресе, ағаштар көп жерде. Өрт бола қалған жағдайда уақытпен санаспаймыз. Ең бастысы, тілсіз жауды ауыздықтауға күш салу. Жұмыс барысында адамдар тарапынан заңсыз әрекеттерге көп кездесеміз. Қоқыс тастап кету, арты өртке ұласу. Бұдан бөлек ағаш кесу секілді заң бұзушылықтарды кездестірсеміз. Бұл кездегі біздің қадам хаттама толтырып, шара қолдану,– дейді орманшы.
Венера Танашеваның айтуынша, бүгінде бұл сала мамандарының жалақылары жақсы. Арнайы киімдер мен техника, қажетті жанар-жағармаймен қамтылған. Бұл салаға жыл сайын ерекше көңіл бөлініп, мүмкіндіктер молаюда. Дейтұрғанмен өзекті мәселе жоқ емес. Ол маман тапшылығы. Біздің салада жұмыс істейтіндердің басым бөлігі егде жастағылар. Жастар аз, келсе де қиындыққа шыдамай, жолдан тастап кетіп жатады.
Күннің ыстық-суығына қарамастан, көшеттерді арқалап жүріп, гектар-гектар жерге егеміз. Оны күтеміз, баптаймыз. Көшетке дейін тұқымын егіп, тұқымбақта өсіреміз. Ал қыс кезінде белгіленген учаскелерін аралап, бақылауда ұстаймыз. Сондықтан әрбір адамға табиғатты қорғауға, оны күтіп ұстауға шақырамын. Ол орманшы мамандығының зор еңбегіне түсіністік пен қоршаған ортаға деген құрмет болмақ.