Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек министрлігінің өкілдері жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер спикерлерге Семей орманындағы жағдайға байланысты сұрақ қойды.
Жазда Семей орманы резерватының мыңдаған жұмысшысы митингке шығып, айлықты көтеруді талап етті. Орман өртінен кейін орманшылар мен шеберлердің ғана айлығы көтерілген, бірақ жүргізушілер, диспетчерлер, жалдамалы жұмысшылардың айлығы сол күйі 85 000-100 000 теңге айналасында қалған. Сонымен қатар жұмысшылардың еңбек жағдайына шағымданып, форма, аяқ киім берілмейтінін айтты. Еңбек министрлігі мәселені зерттеп көрді ме? – деді БАҚ өкілі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Семей орманында болған жайдай қайғылы екенін еске сала кетті.
Бұл жағдай бойынша Үкіметтің арнайы комиссиясы құрылып, болған жағдайлардың бәрін толықтай зерттеп, жұмыс берушінің кінәсі 100% екені анықталды. Қазіргі күні барлық кінәлі адамның үстінен іс қозғалды. Шын мәнінде сол жерде жұмыс істейтін әкімшілік қызметкерлердің айлығы көтерілді. Ал қарапайым жұмысшылардың айлығын көтеру мәселесі бойынша Экология министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Оның нәтижесі болады. Ескерусіз қалмайды, - деді комитет басшысы.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов елімізде 1,2 млн азаматтық қызметкер бар екенін атап өтті.
Бізде 2020 жылдан бастап білім, медицина салаларында айлық екі есе көтерілді. 1,2 млн адамның 600 мыңына былтырдан бастап 4 жылдың ішінде жалақылары екі рет өседі. Оның ішінде өзіңіз айтқан жұмысшылар да бар. Олардың айлығын көтеру бойынша осы жылы нақты ұсыныстар береміз, - деп жауап берді вице-министр ОКҚ-да.