Орман өрттері: Франция мен Испанияда 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Қазіргі уақытта ең күрделі жағдай Бордо қаласы маңындағы Жиронда департаментінде қалыптасып отыр.

 Olivier Morin/AFP 25 Шілде 2026, 00:30
25 Шілде 2026, 00:30
96
Фото: Olivier Morin/AFP

Франция мен Испанияда жалғасып жатқан ірі орман өрттеріне байланысты 80 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Табиғи апатқа байланысты Испания үкіметі елде төтенше жағдай жариялады.

DW порталының мәліметінше, Испанияда өрттер Мадрид маңындағы бірнеше елді мекенді шарпыды. Соның салдарынан 20 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды. Ел астанасына жақын өңірлерде шамамен 125 мың гектар аумақ отқа оранған. Билік әзірге өрттің шығу себебін анықтаған жоқ.

Испанияның премьер-министрі Педро Санчес зардап шеккен тұрғындарға қолдау білдіріп, өртпен күрес жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ал Францияның оңтүстігінде екі ірі орман өрті салдарынан 60 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде Жиронда департаментінен 40 мың, ал Ланда департаментінен 23 мың тұрғын эвакуацияланған.

Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, Еуропалық Одақтың азаматтық қорғаныс механизмі аясында Хорватия, Португалия, Чехия және Словакия өртті сөндіруге авиациялық техника жіберген.

Сонымен қатар Францияның Қорғаныс министрлігі өртпен күреске 20 тоннаға дейін су тасымалдай алатын Airbus A400M әскери-көлік ұшағын дайындап жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта ең күрделі жағдай Бордо қаласы маңындағы Жиронда департаментінде қалыптасып отыр. Сондай-ақ Марсель маңы мен Атлант жағалауындағы бірқатар өңірлерде де ірі өрт ошақтары тіркелген.

Наверх