Орман өртімен күрес. Павлодар облысы неге антирейтингте

16 Сәуір 2024, 16:00
311
Бөлісу:
Орман өртімен күрес. Павлодар облысы неге антирейтингте
Фото: автордан

Ертіс өңірінде әлі күнге дейін өртке қарсы қызмет бекеттері жоқ елді мекендер бар. Бұл олқылық бірінші кезекте ауыл халқы мен мемлекеттің орман қорына қауіп төндіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Өткен жылы облыстың орман қорына қарасты аумақта 207 өрт тіркеліп, қызыл жалын төрт мың гектарға жуық жерді шарпыды. Дала өрті де азаймай тұр. Былтырғы кезеңде үш мың гектар аумақ өртеніп кетті. Салдарынан өрт саны бойынша Павлодар облысы республикалық антирейтингте бірінші орында тұр.

Сала мамандарының айтуынша, облыста орман және дала өртін азайту бойынша жоспар әзірленген. Құжат аясында оқыс оқиға жайлы ақпарат тарату және жедел түрде күш құрылымдарын тарту алгоритмі жасалды.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Түлепбаевтың айтуынша, өткен жылғы өрт қауіпті кезең күрделі болды.

Тілсіз жау кесірінен 240 млн теңгенің шығын келген. Ал тіркелген өрт саны салыстырмалы кезеңге қарағанда 57 оқиғаға көп болды. Сонымен қатар орманмен көмкерілген үш мыңға жуық гектар жер зақымданған. Инспекция өкілдері ірі өрт бойынша тексеріс жүргізіп, нәтижесінде жұмысына салғырт қараған 34 лауазымды тұлғаны жауапқа тартты. Олардың ішіндегі бес азаматқа 1 млн 700 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар өрт кезінде жедел әрекет етпеген бірнеше ауыл әкіміне қатысты шара қолданылды, - дейді Руслан Түлепбаев.

Орман өртінің көптеп тіркелуіне адами фактордан бөлек жауапты мекемелердің нашар техникалық жабдықталуы да себепкер болуы мүмкін. Осыны қаперге алу мақсатында салалық инспекция мамандары орман қорғау мекемелерінің дайындығын тексерді.

Тексеріс қорытындысы бойынша «Ертіс орманы» резерватына қанағаттанарлық деген баға берілді. Баянауыл ұлттық паркі, Үрлітүп орман мекемесінде дайындық орташа деп анықталса, Павлодар орман шаруашылығында «нашар» деген баға берілді. Ал жергілікті әкімдіктердің қарамағындағы орман қорғау мекемелерінде станциялар санының сәйкес келмеуі анықталды. Мәселен, норматив бойынша 13 болуы шарт. Ал біздегі көрсеткіш - небары төрт бірлік. 17 өрт мұранасының орнында бір нысан ғана тұр. Оның өзі жұмыс істемейді. Себебі штатта мұнара бақылаушысы маманы қарастырылмаған, - дейді инспекция басшысы.

Осы тектес олқылықтар жетерлік. Тағы бірнеше мысал келтіріп өтейік. Орман өртін жоюға тартылған азаматтарды тамақтандыру, алғашқы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру шаралары да қарастырылмаған. Ал мамандандырылған техниканың ішіндегі медициналық қобдишалар мен дәрі-дәрмектер жаңартылмаған болып шықты. Кемшіліктер өткен жылы да болыпты. Себебі, бюджеттен қаражат бөлінбеген. Биыл мамандардың кәсіптік даярлығын арттыру мақсатында 100-ге жуық қызметкер азаматтық қорғау академиясының базасында міндетті оқудан өтті.

Өткеннен сабақ алған мамандар бірқатар олқылықты жойды. Мәселен, «Ертіс орманы» резерваты мен «Баянауыл» ұлттық паркін техникамен қамту сақадай сай. Сонымен қатар әкімдіктерге қарасты мекемелердің дайындығы нормативтің 84%-ын құрап отыр. Қазіргі уақытта 56 өрт машинасы, аспалы жабдығы бар 68 трактор және УАЗ базасында 42 шағын кешен дайын тұр. Сонымен қатар техникалық жабдықтауға облыстық және республикалық бюджеттен 900 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Биылғы жылдың жаңалығы – «Ертіс орманы» резерватында өртті ерте анықтау жүйелері іске қосылды. Осы тектес жабдық «Бурабай» табиғи паркінде жұмыс істеп тұр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, өрт қауіпті кезеңде кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жоспар қабылданды.

Әр мемлекеттік орган міндетті қызметін атқарады. Облыс аумағында орман өртін сөндіру жөніндегі жиынтық колонна табиғи өртті автономды режимде үш тәулікке дейін сөндіруге қабілетті жеке құрамның 60 адамы, өтімді және сыйымдылығы жоғары 19 техника жасақталды. Мобильді топтар да іске кіріседі. Бұл топтар кез келген өрт кезінде әрекет етеді. Әуеборты да бар. Жағдай күрделенсе, көрші облыстардан көмек сұрауға мүмкіндік бар. Ғарыштық мониторинг жұмысы да ұйымдастырылады, - дейді Қайрат Шаймерденов.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтың айтуынша, әкімдікке қарасты мекемелердің аумағында 47 өрт тіркелген.

Бұл облыс аумағында болған оқиғалардың 22%-ын құрайды. Біздің мекемеге қарасты құрылымдардың дайындығы нашар болғаны белгілі. Оның өзіндік себебі бар. Тексеріс барысызда жанар-жағармай материалдарын сатып алу процедуралары аяқталып жатты. Сонымен қатар бес шағын өрт сөндіру кешені сатып алынды. Нәтижесінде дайындық деңгейі көтерілді. Ал алдағы уақытта автоцистерналар сатып алынады, - дейді Сағын Төлеутаев.

Соңғы жылдары аймақта өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жұмысы қолға алынған. Биыл бекеттер мүлдем болмаған Ақтоғай, Ертіс, Железин, Баянауыл және Тереңкөл аудандарының елді мекендерінде бес бекет іске қосылады.

Айта кетейік, «Казгидромет» мамандарының болжамынша, өрт қауіпті кезеңде ауа температурасы орташа есеппен +25 градус. Сонымен қатар жауын-шашын көлемі аз болмақ. Сондықтан  дайындық қазірдің өзінде қызу. Кезең қалай өтеді? Ол уақыттың еншісінде.

Өзгелердің жаңалығы