Орман өрті: Үш ауылдық округте төтенше жағдай жарияланды

18 Шілде 2023, 14:19
623
Бөлісу:
Орман өрті: Үш ауылдық округте төтенше жағдай жарияланды
Фото: автордан

Ертіс өңіріндегі «Ертіс орманы» табиғи орман резерватындағы өртке байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

«Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешім жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Төтенше жағдай жергілікті ауқымдағы сипатқа ие. Режим Шарбақты ауданының Галкино, Шалдай және Александровка ауылдық округтерінде енгізілген. Аудан әкімі Әзілхан Әбеуовтің хабарлауынша, төтенше жағдай алапат өрт ауыздықталғанға дейін сақталады.

Төтенше жағдайды жариялаудағы себеп - тілсіз жау жалмаған аумақтың үлкендігі, жанар-жағармай, техника құралдары, өрт сөндірушілер, орманшылар, еріктілерді тамақтандыруға жұмсалған жоспарланбаған шығындар. Бізге тілсіз жаумен күресуге жергілікті шаруашылықтар көмектесті. Бұл шығындар енді аудан бюджеті есебінен өтеледі. Қазіргі уақытта өрт ошақтары оқшауланды. Толық ауыздықтауға бір жұмадай уақыт керек деп ойлаймыз, - дейді аудан әкімі Әзілхан Әбеуов.

Бүгінде бірегей қарағайлы орманда қызыл жалынмен күрес жұмыстарына шамамен 170 адам жұмылдырылған. Өртті жою шараларына қажет су, техника және өзге де құралдар бойынша тапшылық жоқ. 

Еске сала кетейік, «Ертіс орманы» аумағындағы өрт туралы хабар үш күн бұрын түстен кейін түсті. Бірнеше сағат ішінде өрт 400 гектардан 850 гектарлық аумаққа тарап кетті. Тілсіз жаумен күресу жұмыстарын қатты жел мен аптап ыстық қиындатты. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Ашық отты ошақтар жоқ.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Баянауыл ұлттық паркінің аумағында, Қызылтау ауылынан 20 шақырымдық жерде дала өрті тіркелді. Шамамен 800 гектар жерде құрғақ шөп өртенді. Өрт сөндіру жұмыстарына 50-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Бүгін тілсіз жау толық жойылды.

Өзгелердің жаңалығы