Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы елімізде қазақ тілі мәселесі əлі де өзекті екенін айтты.
"Рухани жаңғыру" туралы мақаланың шыққанына екі жылға таяп қалса да, біздің жастарымыздың тілі көрші мемлекеттің тілінде екені ешкімге жасырын емес. Астана - жастардың қаласы. Астананың тəуелсіздікте жеткен жетістігі - 90 пайыз қазақ тұрамыз. 5 пайыз орыс тұрады, 1 пайыз украин тұрады, қалған 127 этнос 4 пайызды құрайды. Сонда бұл қаланың тілі қай тіл болу керек? Өкінішке орай, кез келген министрліктің, есеп беріп отырған екеуінің де (Қоғамдық даму министрлігі жəне АШМ-авт.ескерт.) жазу тілі, сөйлеу тілі - көрші мемлекеттің тілі", - деді Оразкүл Асанғазы "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Мирас" республикалық кеңесінің отырысында.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, Үкіметтің орысша сөйлегені аздай, өздері бөлген қаржының көбіне орыстілді шаралар өткізіледі.
"Сонда Елбасының "Рухани жаңғыруы" не болды, "Ұлы даланың жеті қыры" не болды? Біз өзіміздің тілімізде сөйлемей отырып, кімге не үйретеміз? Бүгін біздің Қазақстанда орыс тілінің мәселесі жоқ. Орысша білмейтін, түсінбейтін қазақстандық жоқ. Ал қазақ тілінің проблемасы бар. Ешкімнен жасырын емес, əуежайға барсаң, бəрі орысша сөйлейді, пойызға мінсең, орысша сөйлейді, сапаржайға бар, банкке, халыққа қызмет көрсету орталығына, сауда үйіне бар, бəрі орысша сөйлейді. Масқара!", - деді ол.
Қоғам қайраткері Астанадағы ірі сауда үйінің бірі "мусорный ящик" сөз тіркесін "боқтық салатын жəшік" деп аударып қойғанын естігенін айтты.
"Бұдан артық қандай кемсіту, қандай қорлау бар? Не деген сұмдық? Не деген басынғандық?", - деді Оразкүл Асанғазы.
Қоғам қайраткері Қоғамдық даму министрлігіне іс-шараларды тек мемлекеттік тілде өткізуді ұсынды.
"Бұл сөзім Арман (Арман Евниев-АШМ вице-министрі-авт.ескерт.) саған да арналады. Ауылға барып, "Сыбағаны" түсіндіресіңдер. Соны айта алатын адам жоқ қой. Сендердің айтқандарыңды түсінбей, несиені əкесі бергендей алып, ертеңінде үйінен айырылып жатқан қазақтар бар. Соны өз тілінде ненің пайда, ненің зиян екенін айтып баратын адам жоқ. Мен өтірік айтты деме, жиналысыңның талайына қатыстым, өздеріңнің жиналыстарың - орысша, қағаздарың - орысша. Қазір барып тексерсек, 99 пайызы - орысша, қазақша біреуі де жоқ", - деді тіл жанашыры.
"Тəуелсіздігімізге 27 жыл болды. Елбасы санамыз ашылсын деп, "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын жариялады. Ондағы "ұлттық код" деген - қазақ тілі. Тіл - біздің терең тарихымыз, тарихымыз ешкімнен де кем емес, ол біздің дініміз, ешкімге ұқсамайтын бар болмысымыз", - деп түйіндеді Оразкүл Асанғазы.